Kyzylorda-news.kz. Қиыр Шығыстан қазақ топырағына табаны тиген ұлт пен ұлыстың бір шоғыры Сыр еліне сіңісіп, өніп-өсті. Тарихқа бойласақ, кәрістер бас сауғалаған негізгі аумақ – Қызылорда облысы болған.
Кәрістердің ұлттық театры, алғашқы «Ленин кичи» деп аталатын газеті де Қызылордада құрылғанын архивтегі құжаттар дәлелдейді. Бұл кезеңде кәрістер еліміздің күріш шаруашылығын көтеруге сүбелі үлес қосты. Қазақ халқының кең құшақ, таза пейілінің дәлелелі болар, Қазақстанда тұрақтап қалған корейлердің ұрпағы тарихи отандарына үдере көшкен жоқ. Керісінше көбейгені байқалады. Бүгінде қазақстандық кәрістердің саны 100 мыңнан асып жығылады. Бүгінде Қазақстанда тұрып жатқан кәріс ұлтының өкілдері қиыршығыстық кәріс қауымдастықтарының жаппай саяси қудалауға ұшыраған тобының ұрпақтары болып табылады. Алғашқы кәріс қоныс аударушылары біздің елімізде 19 ғасырдың соңында төбе көрсете бастаған. 1937 жылы Қазақстанға депортацияланған алғашқы этностардың бірі – кәрістер болған.
Жалағаштық Лилия Пактың да анасы 13 жасында жетім қалып, осы азапты күндерді бастан өткеріпті. Талайлы тағдыр иелерінің ұрпағы бүгінде қанат жайып, үйлі-күйлі жағдайға жеткен. Лилия Пактың анасы Лира Сыр еліне 1945 жылы жер аударылған туыстарын іздеп келген екен. Өкінішке орай, Корей қызының жақын жуықтарымен табыссам деген арманы орындалмапты. Бірақ Жалағаш жұрты оны туысындай кең құшағына алып, үбірлі-шүбірлі отбасына айналуына жол ашқан.
«Менің анам 13 жасында осы жерге бас сауғалап келген. Жалағаштағы Қымбат апамыз, Көркем деген апамыз қолдарынан келген көмегін аямаған. Үйлеріне кіргізіп, құшақтарына басып, қолдарында барымен бөліскен. Ол кезде тамақ тауып жеудің өзі қиын. Соған қарамастан бір уыс бтдайды бір үйдің балаларындай етіп теңдей бөліп беріп отырған екен. Олар жоқ қазір. Анам сол кісілерге үнемі риза болып, рақмет айтып отыратын. Мен де рақмет айтамын. Мың рақмет айтамын қазақтарға. Сәлем беремін, әрдайым сәлем беремін. Қазақтар аман болсын. Мұндай ауызбіршілік, мейірімділік қазақтардан басқа ешқандай жерде жоқ шығар… Тек жақсылықты көрдім, жамандықты көрген жоқпын»,-дейді Лилия Пак.
Лилия анасы айтқан ауыр жылдар туқыметін естіп-біліп, сезініп өскен. Бұл өмірлік ұстанымдары мен адами жақсы қасиеттерінің қалыптасуына тікелей әсер еткен сияқты. Сондықтан болар, қай іске болмасын жауапкершілікпен қарауды әдеттке айналдырған. Бір мекемеде 40 жыл табан аудармай медбике болып қызмет атқаруы да осы ана тәрбиесімен берілген асыл қасиет болса керек,-дейді әріптестері.
«Ұлты өзгеше болғанмен, қазақтың арасына сіңген, кәдімгі өзін қазақтың қызындай сезінетін кісі. Біз қанша жыл бірге жұмыс істегенде ол кісіні ешқашан кәріс екен деп ойламайтынбыз. Өйткені таза қазақ тілінде сөйлейді, қазақша ойлай алады. Сосын кәдімгі қазақтың барлық ұлттық құндылықтарының барлығын жақсы білетін»,-деп пікір білдірді Лилияның әріптесі Райкүл Ахетова.
Лилия Пак медбике ісіндегі мінсіз қызметі үшін бірқатар марапатқа ие болыпты. Соның ішінде Елбасының Құрмет грамотасын ерекше мақтан тұтатынын айтады. Екі ұлы мен бір қызын аяқтандырып, қазақтармен құдандалы жекжатқа айналған бақытты әже шын мәнінде халық достығының үлгісін танытқан қазақ еліне алғыстан басқа айтарым жоқ деп ағынан жарылды.
Бүгінде Қиыр Шығыстан Қазақстанға депортацияланған кәрістердің жалпы саны 2-3 пайызды ғана құрайды. Қазақстанда тұрып жатқан бүгінгі кәрістердің басым көпшілігі Қазақстанда өсіп-өнген ұрпақ. Сондықтан олардың Қазақстанды өз туған отандары санаулары да заңдылық.


