Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда 2021 жылдан бастап тұрғындарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Алғашқы кезеңде дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылымдар қызметкерлері қамтылады. 

Премьер-министр Асқар Мамин президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирус індетіне қарсы отандық вакцинаның әзірлену барысы туралы баяндады.

Айтуынша, 29 қарашада клиникалық сынақтардың 1 және 2 кезеңі аяқталады. Сондай-ақ, вакцинаның кері әсері анықталған жоқ және оның жоғары тиімділігі тіркелгенін мәлімдеді.

25 желтоқсаннан бастап клиникалық сынақтардың 3-ші кезеңінде аталған вакцина 3 мың еріктіге егіледі. Сынақтар толығымен 2021 жылы наурыздың соңына қарай аяқталады.  

Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін 2 миллион көлемдегі отандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылады.

“Мемлекет басшысының Ресей президенті Владимир Путинмен жасаған келісіміне сәйкес, осы жылдың 22 желтоқсанынан бастап Қазақстанда ресейлік “Спутник V” вакцинасын өндіру қолға алынады”, – делінген ақпаратта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Маминге отандық вакцина өндірісіне қатысты берілген тапсырманы жедел орындағаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар дәрінің тиімділігіне баса мән беруді және тұрғындарға қолжетімді болуын бақылауда ұстауды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: