Kyzylorda-news.kz. Қазақстандық 14 бала Ирактан елге қайтарылды. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевпен өткен баспасөз маслихатында белгілі болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Телеарнаның мәліметінше, Қазақстанға жеткізілген бұл балалардың аналары террористік әрекеті үшін Иракта түрмеде отыр. Ал психологиялық көмекке мұқтаж балалар қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы оңалту орталығында. Құжаттары әзірленіп, қажетті ем-домын қабылдаған соң, туыстарына табысталмақ.

«Біздің ресми деректерімізге сәйкес, Иракта қазақстандық балалар жоқ. Қазіргі таңда іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Егер дәйектелген, қазақстандық балалар болса, олардың елге қайтуы бойынша жұмыстар жасалады», – деді сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев.

Елге қайтарылған 14 баланың ең үлкені 13-жаста, кішісі 2-де.  Еске салайық, мұның алдында Ирактағы балалардың елге қайтарылатыны хабарланған еді. 

«Ирак тарапы балаларды қайтаруға келісім беріп отыр. Біз жақын күндері оларды Қазақстанға алып келеміз. Енді бүлдіршіндерді ата-анасының қателігі үшін далада тастай алмаймыз ғой», – деген еді ҚР СІМ арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко.

Тағы да оқыңыз: