**[Kyzylorda-news.kz.](https://kyzylorda-news.kz/)** **Қазақстандық 14 бала Ирактан елге қайтарылды. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевпен өткен баспасөз маслихатында белгілі болды, деп хабарлайды** [**Tengrinews.kz**](https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/kazakstandyik-14-bala-iraktan-elge-kaytaryildyi-olar-303021/)**.** Телеарнаның мәліметінше, Қазақстанға жеткізілген бұл балалардың аналары террористік әрекеті үшін Иракта түрмеде отыр. Ал психологиялық көмекке мұқтаж балалар қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы оңалту орталығында. Құжаттары әзірленіп, қажетті ем-домын қабылдаған соң, туыстарына табысталмақ. > _«Біздің ресми деректерімізге сәйкес, Иракта қазақстандық балалар жоқ. Қазіргі таңда іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Егер дәйектелген, қазақстандық балалар болса, олардың елге қайтуы бойынша жұмыстар жасалады», – деді сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев._ Елге қайтарылған 14 баланың ең үлкені 13-жаста, кішісі 2-де.  Еске салайық, мұның алдында Ирактағы балалардың елге қайтарылатыны хабарланған еді.  > _«Ирак тарапы балаларды қайтаруға келісім беріп отыр. Біз жақын күндері оларды Қазақстанға алып келеміз. Енді бүлдіршіндерді ата-анасының қателігі үшін далада тастай алмаймыз ғой», – деген еді ҚР СІМ арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко._