Kyzylorda-news.kz. Елімізде биылғы он айда жұмыс орнында оқыс жағдайға ұшырап, зардап шеккендер саны мың адамнан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, күніне 3-4 адам жұмысқа өз аяғымен келіп, үйіне мүгедек күйде оралады. Аман қалса, әрине. Себебі, жазатайым оқиға кезінде жан тапсырып жатқандар да аз емес.

Еңбек жағдайында болатын осындай оқыс оқиғаларға кім жауапты? Қауіпсіздікті күшейту мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Өткен жылы еліміздегі 191 кәсіпорында 221 жұмысшы қаза тапты. Қайғылы жағдайдың 65%-іне жұмыс беруші компанияның қателігі себеп болған. Мамандардың айтуынша, адам өлімімен аяқталатын оқыс оқиға көбіне құрылыс, қаржы саласы мен тау-кен өнеркәсібіне қарасты кәсіпорындарда тіркеледі.

«Қауіпсіздік техникасын орындамағандарға басшылық қатаң ескертулер жасап, айлығынан кессе, олар жұмыстан шығады. Өйткені өзінің қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан жағдайды елеп-екшей бермейді. Оның үстіне нарықта құрылысшы жетіспейді. Олар бір құрылыс компаниясынан кетіп, екіншісіне оп-оңай орналаса алады. Сондықтан бригадирлер көбіне жақсы маманнан айырылмау үшін осындай кемшіліктерге көз жұма қарайды. Әрине, жұмысшының қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтын компаниялар да жоқ емес», – дейді «Қазақстан құрылысшылар одағының» төрағасы Талғат Ерғалиев.

Бүгінге дейін еңбек инспекторларының талабы бойынша жұмысшының қауіпсіздігін ескермеген 47 лауазымды тұлға қызметінен босатылды. 11 құрал-жабдықтың, 2 өндірістік нысанның және 7 ұйымның жұмысына тыйым салынды. 820 іс құқық қорғау органдарына беріліп, олар бойынша 116 қылмыстық іс қозғалған. Жұмыс орнындағы қайғылы жағдайдың алу үшін кәсіподақтар федерациясы мың жарым адамды еңбек қауіпсіздігін сақтауға қатаң сақтауға үйреткен. Бұдан бөлек, еңбек заңына өзгеріс енгізу туралы заң жобасын әзірлеп мәжіліске ұсынған.

«Жауапкершілік бас мердігер ұйым дейді ғой. Бірыңғай солардың жауапкершілігінде болу үшін Еңбек кодексінің 184-бабында толықтырылған бір жақсы тармақшалар қосып, енгізіп жатырмыз. Құрылыс саласындағы бас мердігер ұйымдар қосалқы мердігер ұйымдардың қарамағында, сөйтіп, шығып кетіп отырады. Еңбек қорғауды айтпай тұрып, қарапайым еңбек келісім шарттары жоқ. Соған байланысты бірыңғай бас мердігер ұйымдарды жауапкершілікке тарту керек», – дейді кәсіподақ федерациясы сектор меңгерушісі Дәрмен Сәкенов.

Жауапты органдар атқарған жұмыстың нәтижесінде биыл өндірісте жарақат алу дерегі 13%, ал өлім саны 23%-ке азайған. Десе де, бүгінде елімізде 300 мың адам қаупті еңбек жағдайында жұмыс істейді. Жылына 300 адам жұмыс орнында мерт болады. Мыңнан астам адам мүмкіндігі шектеулі жанға айналады. Өкінішті, әрине.

Тағы да оқыңыз: