Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың орын алуы жайлы хабарлаған азаматтарға берілетін сыйақы мөлшері артты.
Бұл туралы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елордалық департаментіндегі превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Марат Хайруллин мәлімдеді.
“Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарға біржолғы ақшалай сыйақы нысанында жүзеге асырылатын көтермелеу белгіленеді. Қағидалармен регламенттелген көтермелеу сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру және азаматтық қоғамды осы қауіпті әлеуметтік құбылыспен күреске тарту бойынша пәрменді ынталандыру тетігі болып саналады”, – деді Марат Хайруллин елордадағы Antikor ortalyǵy алаңында онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қатысты хабарламаға берілетін сыйақы ережесіне халықаралық тәжірибеге сүйене отырып өзгерістер енгізілді.
“Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі бойынша (Германия, Ұлыбритания, АҚШ) сыйақы сомасы сараланған сомаға айналды. Енді пара немесе келтірілген залал сомасы 1 мың АЕК-тен (2 млн 917 мың теңге) аспайтын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлама үшін сыйақы (қылмыстың ауырлығына байланысты) 30-дан 100 АЕК-ке дейінгі соманы құрайды. Көрсетілген сомадан артық – сыйақы көлемі 10% – ды құрайды, бірақ 4 мың АЕК-тен аспайды (11 млн 668 мың теңге) Бұрын сыйақыны көтермелеудің ең жоғары мөлшері 100 айлық есептік көрсеткіштен (291 мың 700 теңге) аспайтын”, – дейді ол.
Сондай-ақ, басқарма басшысы аталған сыйақының республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізілетінін айтты.