Kyzylorda-news.kz. ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігімен бірлесіп шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі. Бұл туралы аталған агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков брифинг барысында айтты.

«Бағдарлама екінші деңгейдегі банктердің төтенше жағдай енгізу салдарынан зардап шеккен ШОБ субъектілеріне, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге айналым капиталын толықтыруға 12 айға 8%-бен жеңілдетілген кредит беруі арқылы іске асырылуда. Активтерінің сапасын тәуелсіз бағалаудан (AQR) өткен және портфелінде ШОБ қарыздары бар 13 қатысушы банк айқындалды», – деді Смоляков.

Бағдарламаға қатысушы банктерге бөлінген қаражатты мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды сатып алу, басқа банктердегі депозиттерге орналастыру, шетел валютасын сатып алу үшін пайдалануға тыйым салынған.

«Осы жылдың 14 сәуірдегі жағдай бойынша, яғни бағдарлама іске асырылған сәттен бастап 12 күн ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінен 213,9 млрд теңге сомаға 1 131 өтінім түсті, оның ішінде 41,7 млрд теңгеге 92 өтінім мақұлданды. Қарыз алушылардың қаржыландыруды алу мерзімдерін қысқарту үшін банктердің бағдарлама бойынша қаржыландыруға өтінімдерін келісудің оңтайлы тетігі әзірленді», – деді ол.

Сонымен қатар, ол төтенше жағдай режимін енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықты, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Агенттік бірқатар жедел шара қабылдағанын жеткізді.

«Барлық қарыз (микрокредит) бойынша төлемдердің мерзімі өтіп кеткені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар есептеуге тыйым салынды, сондай-ақ төлемдер мерзімінің өтіп кетуі күнтізбелік 90 күннен асатын жеке тұлғалардың кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша сыйақы есептеуге тыйым салынды. 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша төлемдердің мерзімін кейінге қалдыру арқылы жеке және заңды тұлғаларға негізгі борыш пен сыйақы төлеу тоқтатыла тұрды», –деді агенттік өкілі.

Бұл талаптар барлық екінші деңгейдегі банктерге, ломбардтарды қосқанда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға, онлайн-кредит беру компанияларына, кредиттік серіктестіктерге қолданылады.

Төлемдерді кейінге қалдыру рұқсаты жеке тұлғаларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, тіркелген жұмыссыздарға, қаржылық қиын жағдайдағы өзге азаматтарға беріледі.

«Бүгінгі күні 4,4 трлн теңге сомаға 5,3 млн жуық азаматтың және 3,9 трлн теңге сомаға 26,2 мыңға тарта шағын және орта бизнес субъектілерінің банктік қарыздары және микрокредиттер бойынша берешектері бар. 14 сәуірдегі жағдай бойынша 1,5 млн қарыз алушы және 12,1 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі қарыздар бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға өтінімдерін берді», – деді Смоляков.

Сонымен қатар, ол 186,1 млрд теңге сомасына 1 340 707 адам және 131,4 млрд теңгеге 9 822 ШОБ субъектісі төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігіне ие болғанын тілге тиек етті.

Тағы да оқыңыз: