Kyzylorda-news.kz. Қазақстандықтар 31 тамыздан бастап мешіттер мен шіркеулерге бара алады. Бұл туралы вице-премьер Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында белгілі болды.
Отырыста шектеулерді жеңілдетудің екінші кезеңі мақұлданды.
“31 тамыздан бастап діни объектілердің қызметін қайта бастау туралы шешім қабылданды: жеке, ұжымдық іс-шаралар өткізілмейді”, – деп жазды Қазақстан премьер-министрінің ресми сайты.
Сондай-ақ мәдени, спорттық нысандар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметіне рұқсат етіліп отыр.
Айта кетейік, мешіттер мен шіркеулер коронавирус пандемиясына байланысты наурыз айында карантинге жабылған болатын.
Мамыр айында карантин жеңілдетілгеннен кейін діни нысандар аз уақыт жұмыс істеді. Шілдеде карантин тағы да күшейтілді.
14 тамызда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құзырлы органдарға мешіттерді карантин талаптарын сақтай отырып қайта ашуды ұсынды.