Kyzylorda-news.kz. Соңғы екі аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,5 пайызға төмендеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 9,9 пайызға өсті. Ішкі нарықта отандық өнімдердің көбеюі есебінен соңғы екі аптада бағалар 0,5 пайызға төмендеді. Атап айтқанда, ең жоғары өсу сәтінен бастап картоп бағасы 34 пайызға немесе 71 теңгеге, ал сәбіз 41 пайызға немесе 122 теңгеге төмендеді. Сонымен қатар, соңғы апталарда қырыққабат 0,4 пайызға, пияз 0,1 пайызға арзандады», – деді Е. Қазанбаев.
Оның айтуынша, бағаның ең жоғары өсімі 11,6% Түркістан облысында, 11,3% – Қызылорда облысында және 11,3% – Қостанай облысында тіркелді. Ең төмен өсім 9,5% Алматы қаласында, 9,6% –Алматы облысында және 9,7% Қарағанды облысында белгіленді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында елімізде бағаның өсуін тежеу мақсатында 2021 – 2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенінің жобасы қаралып, мақұлданды.