Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда «Іргесі бекем ел» жобасы аясында арнайы экспедиция жұмысы басталды. Бұл туралы жоба жетекшісі Ғалымжан Өтелбай «Facebook» парақшасында хабарлады.

Еліміздің шекарасы 5 мемлекетпен шектеседі десек, зерттеу тобының негізгі мақсаты сол шекаралас елдердің іргесіндегі қазақ ауыл-аймағының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, демографиялық ахуалы мен тұрақты дамуына ықпал ететін өзекті мәселелерді анықтау. Жоба аясында ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігі, шаруашылық кәсібі, саяси көзқарасы, менталитеті, тілі, этникалық мәселелері, идеологиялық тұтастығы мен сәйкестігі және өзге де тақырыптар негізге алынады. Сонымен қатар таяқ тастам жердегі көрші мемлекеттің тұрғындарының тыныс-тіршілігімен салыстырмалы түрде зерттеу жүргізілетін болады.  

«Жобаның өзектілігі, мақсаты, міндеттері, критерийлері, әдіс-тәсілдері, нысаны және болжамы толыққанды жазылған. Ол туралы және жұмыс барысында анықталған қызықты ақпараттармен алдағы уақытта бөлісіп отыратын боламыз. Жобаға түрлі салада қызмет еткен тәжірибелі әлеуметтанушы, саясаттанушы, қоғамтанушы мамандар мен еріктілер тартылып отыр», – деп жазады жоба жетекшісі Ғалымжан Өтелбай.

Экспедиция жұмысы шамамен 3 айға жоспарланған.

«Жоба аясында зерттеу жинағы шығарылып, танымдық фотокөрме ұйымдастырылатын болады. Жоба нәтижесі сәтті шықса, тақырып бойынша анықталған өзекті мәселелер билік назарын аудартып, барлық тиісті мемлекеттік органдарға көмекші құрал болады деп сенеміз», – делінген жазбада.  

Ғалымжан Өтелбай халықты алғаш рет қолға алынған тың жобаға қолдау көрсетуге, оның сәтті шығуына тілекші болуға шақырды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы 5 мемлекетпен шекараласады. Еліміз солтүстік пен батыста Ресеймен шектессе, шығыста Қытаймен, оңтүстікте Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан елдерімен түйіседі.

Тағы да оқыңыз: