Kyzylorda-news.kz. Еліміз жыл басынан бері 23 млн тонна көмір экспорттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біріккен Корольдік, Корея, Үндістан. Бұл – қазақстандық көмірді пайдаланатын жаңа мемлекеттер тізімі. Англия, Марокко, Болгария сынды жаңа бағыттар да бар. Біріккен Корольдікке 192 мың тоннаға жуық көмір жөнелтілген. Елімізде 34 млрд тоннаға жуық қатты отын бар. Осылайша, еліміз үздік ондыққа кіріп отыр.

Дегенмен 2060 жылға қарай көмірді мүлде пайдаланбай кетуіміз мүмкін. Қазір тиісті доктрина жобасы әзірленіп жатыр. Елде 130 көмір кәсіпорны мен ондағы 30 мың шахтердің көңілі алаң. Десе де олар өндіріс қарқынын жылдан-жылға үдете бермек. Өйткені Түркия, Польша, Өзбекстан, Швейцария, Қытай сынды мемлекеттер тапсырыс көлемін ұлғайтқан. Тау-кен өндіруші кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец тасымал жағынан кедергілер барын айтып қалды.

«Бұл біз үшін күрделі мәселе. Көмір экспортын көбейтеміз бе? Тасымал жағынан қиындық болмай ма? Сұрақ көп. Сол себепті Үкіметтен көмек сұраймыз. Біз темір жол саласындағы жеке операторларды тарту керек деп ойлаймыз. Бұл қосымша локоматив, қосымша вагондар келеді. Біздің тәжірибемізге сүйенсек, сол жеке тасымалдаушылар қандай елдерде сұраныс бар екенін көрсетіп те отырады. Пандемия кезінде біз жұмыс бағытын өзгерттік. Бірқатар көмір өндіруші компаниялар Еуропада тұтыну көлемі азайғанын көріп, қазақстандық логистикалық бағыттарға ойысқан еді. Бірақ бізден дұрыс жауап болмай тұр. Сондықтан Үкімет инфрақұрылымды кеңейту жайын ойлау керек», – дейді Тау-кен өндіруші кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец.

Тағы да оқыңыз: