Қазақстан полициясының сервистік моделі қалай жұмыс істейді? – Kyzylorda News
Басты бет

Қазақстан полициясының сервистік моделі қалай жұмыс істейді?

11.09.2021, 14:00

268 0

Kyzylorda-news.kz. ҚР Президенті Әкімшілігінің қауіпсіздік және құқықтық тәртіп бөлімінің меңгерушісі Алексей Калайчиди полицияның сервистік моделіне көшу және оның қалай жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел барысында қылмыстық процестің үш сатылы моделіне көшу және сервистік модельге ауыстыру мәселесі туралы айтты.

«Біз шетелдік тәжірибені көп зерттедік. Бірден айтқым келеді, полицияда бірыңғай заң, бірыңғай қызмет үлгісі жоқ. Бірақ бұл модельге көшкен барлық елдерге тән бір қағида бар. Біріншіден, бұл – мемлекеттік органдардың, ең алдымен полиция мен қоғамның қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп шешетіні. Яғни, полицияның сервистік модельге көшуі қауіпсіздік жүйеде өте маңызды рөл атқарады», – деді ол.

Оның айтуынша, полиция қоғамдық тәртіп пен қылмыстың алдын алуға тікелей жауап беретін мемлекеттік қызметші.

«Полиция мемлекеттік органмен және халықпен тығыз қарым- қатынас орнатуы керек. Президент айтқан: полиция қолжетімді болуы тиіс. Сонымен қатар, ыңғайлы және қауіпсіз инфрақұрылымды дамыту қажет», – деп қосты ол.

Алексей Калайчиди сервистік модель қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

«Біріншіден, проблемалар мен оларды шешу мәселесі қоғаммен бірге жүзеге асады. Қоғам құқық бұзушылыққа ықпал ететін белгілі бір себептерді жою туралы шешімді анықтауға және қалыптастыруға көмектеседі. Бұл жерде басымдық құқық бұзушыларға емес, полиция мен билікке және заңға бағынышты азаматтарға беріледі. Негізінен профилактикаға баса назар аударылады. Зерттеулер көрсеткендей қылмысты ашудан және оның салдарын жоюдан гөрі алдын алу әлде қайда тиімдірек»,- дейді ол.

Спикердің айтуынша, негізгі екі критерий бар.

«Бағалау жүйесі екі нәрсеге негізделген, сандық критерийі – құқықтар мен статистика. Сапалық критерийі – полиция мен қоғамдағы қауіпсіздік жүйесі қалай жұмыс істейтіні туралы халықтың пікірі. Негізгі критерий – халықтың сенімі»,- дейді ол.

Алексей Калайчиди еліміздің үш облысында пилоттық жоба іске қосылғанын атап өтті.

0

Пікір қалдыру