Kyzylorda-news.kz. Ертең “Евразия” спорт кешенінде қазақ күресінен XII облыстық «Алтын белбеу» жарысы басталады.
Бұл сыннан іріктеліп шыққан екі спортшы шілде айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстан барысы» турнирінде ҚР тұңғыш Президенті жүлдесін сарапқа салады.
Жарыс бағдарламасына сәйкес бүгін алдын-ала белдесулер өтуде.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған дүбірлі бәсекеге Байқоңыр, Қызылорда қалалары мен аудандардан 9 команда 200-ге жуық балуан қатысуда. Жарыс 3 кезеңнен тұрады және 3 жас ерекшелігі бойынша өткізіледі. Жас ерекшеліктері бойынша 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер, 2002-2003 жылы туған жастар және ересектер арасында балуандар 26 салмақ дәрежесінде шеберлік байқасады. Қазақ күресінен «Түйе палуан» атанған спортшы «Сыр Барысы» атағын иеленіп, оған «Алтын белбеу» тағылады.
Ақтық белдесулер ертең сағат 10.00-де басталады. Жарыс карантин талаптарын сақтай отырып, көрермендерсіз өткізіледі.