Kyzylorda-news.kz. Биыл Қазалы ауданының 3 ауылына газ тартылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев мәлімдеді.
Қазалы ауданында өткен жылы «Жол картасы» бағдарламасы аясында 42 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 150 орындық ауылдық клуб салынып, 1 ауылға газ тартылды. Одан бөлек, Бекарыстан би ауылында тұрғын үйлердің ауыз суы сервистік желіге қосылып, 10 көше асфальтталып, жарықтандырылды.Бүгінде Ғани Мұратбаев ауылына табиғи газ жеткізіліп, Қазалы қаласын газдандыру жұмыстары басталып кетті.
«Аудан орталығы – Әйтеке би кентінен бөлек Қазалы қаласы мен елді мекендерді де газдандыру мәселесі күнтәртібінен түскен жоқ. Енді аудан орталығына жақын елді мекендерді де газдандыруды жалғастырамыз. Жалаңтөс батыр, Қашақбай Пірімов және Басықара ауылдарын газдандыру үшін 22,6 млн. теңге бөліп, жобасын әзірлеп жатырмыз. Амандық болса, тиісті қаржылары бөлінсе, маусым-шілде айларында құрылыс жұмыстарын бастап кетеміз», – деді Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев.
Аудандағы ауылдарды байланыстыратын жолдар жөнделеді
Биыл Кәукей ауылына баратын автомобиль жолының құрылыс жұмыстары бітіп, халық игілігіне беріледі. Сондай-ақ, Әйтеке би кентінен 5 көше, Қазалы қаласынан 10 көшені асфальтталады.
«Аудан, ауыл арасындағы жолдар мен елді мекендегі көшелердің жағдайы едәуір дұрысталып келеді. Мәселен өткен жылы аудандық маңызы бар 60 шақырым және елді мекендердегі 70 көше жөнделді. Бұған қоса, 2020 жылдың желтоқсан айында қала мен кенттің екі аралығындағы жолды кеңейту жұмыстары басталды. Ал биыл «Қарлаң» көпірінен Қожабақыға және Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпіріне дейінгі жолдардың да жұмысы аяқталады. Амандық болса, шалғайдағы ауыл тұрғындары асфальт жолмен жүретін күн де алыс емес. Басықара мен Абай елді мекенінің аралығындағы 20 км жолды жөндеу жұмыстарын жалғастыруға облыстық бюджеттен 306 млн. теңге қаржы қаралды», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентінен 18 көшені асфальтталады. Қазір аудандағы автомобиль жолдарының қанағаттанарлық көрсеткіші 75,6 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін 85,2 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Ауданнан шығатын өнімдер шетелге экспортталуда
Өткен жылы 3,5 мың тонна күріш ТМД елдері мен Польшаға экспортталды. Ал балық өнімдері Ресей, Дания, Германия, Грузия, Қытайға жөнелтілді. Ал 129 тонна қамыс Германияға экспортталды.
«Ауданның экспорттық әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Әсіресе, ауылшаруашылығын әртараптандыруға көңіл бөлеміз. Біз өткен жылы 17675 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылын ектік. Диқандарымыз егілген 6337 гектар күріштің әр гектарынан 41 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 25 мың тоннадан астам астық құйды», – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, өткен жылы Қазалы ауданы ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша «Үздік аудан» атанды.
Ауданда 27 кәсіпкерлік нысан ашылды
Өткен жылы 27 кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілді. Мәселен ауданда алғаш рет сыйымдылығы 500 тонна болатын көкөніс пен жеміс-жидек сақтау қоймасы ашылды. Сондай-ақ, сауда үйлері, көлік жуу кешені, жанар-жағар май бекеттері, жылы жай және мейрамхана салынды. Ал биыл жаңадан 25 нысан бой көтереді.
«Ауданда жылдан-жылға шағын және орта бизнес өкілдерінің саны артуда. Өткен жылы 1289 кәсіпкер тіркелді. Сондай-ақ, өз кәсібін дөңгелетем деген 1250 адамға мемлекеттік бағдарламалар арқылы 3 млрд теңге көлімінде қайтарымсыз грант және несие берілді. Жұмыссыздық мәселесінің алдын алу мақсатында «Жол картасы» бағдарламасы арқылы бірқатар жобалар дайындалып, қолдау тапты. Нәтижесінде 933 тұрғынды уақытша жұмыспен қамтамасыз еттік. Сондай-ақ, «Еңбек» бағдарламасы арқылы 928 тұрғын 555 мың теңгеден қайтарымсыз грант алды. Бұл өз кезегінде жұмыссыз азаматтардың кәсіппен айналысып, өз-өзін жұмыспен қамтуға септігін тигізді», – деді Мұрат Ергешбаев.
Сонымен қатар өткен жылы 1500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Шалғай ауылдардағы электр бағаналары жаңартылады
Биыл Қазалыда аудан орталығынан шалғай жатқан Кәукей мен Бозкөл ауылының аралығындағы электр бағаналары жаңартылады. Бұл үшін облыстық бюджеттен 82 млн теңге қаржы бөлінді.
Сондай-ақ, бүгінде аудандағы ауыз су тапшылығы мәселесін шешу үшін Байқожа су құбырын қайта жаңғырту жобасы дайындалуда. Нәтижесінде Әйтеке би кенті мен Байқожа елді мекені аралығында 63 шақырым магистральдық желі тартылатын болады.