Kyzylorda-news.kz. Бүгін Әйтеке би кентінде кіші футболдан аудандық жарыс басталды. Аталған доп додасы Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепті әр жылдары бітірген азаматтардың ұйымдастыруымен «Мектебім – Ақмешіттей қасиетті, сенен алдым өнеге мен өсиетті» атты ауқымды шара аясында өтіп отыр.

«Туған жерге тағзым» аясында ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап арнайы қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатында Мұхтар Әуесұлы құттықтау сөз сөйлеп, мазмұнды шараның елдің ауызбіршілігі мен берекесін сақтауда маңызы зор екенін атап өтті.

«Жалпы қазақы қаймағы бұзылмаған, бір-бірімен тату-тәтті, ынтымағы мен берекесі жарасқан жерде тұратын тұрғындардың бірлігі бекем, тірлігі тиянақты болады. Оған бүгін біздің көзіміз анық жеткендей. Атақты академик Қ.Сәтбаев атындағы мектепте білім алып, еліміздің өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосқан азаматтар туған жерге жиналып, ұлағатты шара ұйымдастыруда», – деді аудан басшысы.

Мұнан соң спорт саласының ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері Қуанған Бәкен сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, «Туған жерге тағзым» акциясы аясындағы «Мектебім – Ақмешіттей қасиетті, сенен алдым өнеге мен өсиетті» атты шараның негізгі бөлігі ертең өтеді.

Тағы да оқыңыз: