Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазалыда еліне еңбегімен сыйлы болған Қазалы ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының «Құрметті жолшысы», «Автожол үздігі» Ботабай Рыстығұловты еске алуға арналған үстел теннисінен аудандық ашық турнир басталды.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бүгінгі аудандық турнир қасиетті Қазалы ауданының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан ардақты азаматтың өнегелі өмір жолдарын ұлықтауға, бұқаралық спортты дамытуға мол мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ботабай ағамызды аудан тұрғындары темірдей тәртіпті талап ететін теміржол саласында басшылық қызмет атқарған абыройлы азамат ретінде жақсы таниды. Сондай-ақ, ағамыз аудандық партия, Кеңес органдарында, поселкелік және қалалық Кеңес атқару комитеттерін басқарып, жемісті еңбек етті. Зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да туған жердің жанашыры ретінде аудандағы әрбір істің басы-қасынан табылып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өте зор үлес қосты», – деді Мұхтар Әуесұлы.
Мұнан соң қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы. «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов, ҚР спорт қайраткері, бокстан спорт шебері, бокстан еңбек сіңірген жаттықтыруші Зинедин Байымбетов құттықтау сөз сөйлеп, Ботабай Рыстығұловтың өнегелі өмір жолдары туралы айтып берді.
Айта кетейік, байрақты бәсекеге Қызылорда мен Байқоңыр қалалары және Жаңақорған, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Арал аудандарынан келген 14 команда қатысуда. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері бүгін белгілі болады.