Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссия отырысы өтті.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен өткен басқосуда төрт мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші және екінші мәселелерге байланысты аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Әділхан Әбілов хабарлама жасап, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамту және аудан әкімдігінің жұмыс орындарын квоталау қаулысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

Сонымен қатар, ауданда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жобалар және елді мекендердегі орташа жол жөндеу жұмыстары бойынша жұмыссыздардың жұмыспен қамтылуы және ауданда ашылатын жаңа жұмыс орындарының орындалуы туралы да айтып берді.

Ал, аудандағы жұмыс берушілердің еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізуге байланысты атқарылған жұмыстар жайында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Совет Бабанаев баяндама жасады.

Совет Кеңесұлы күн тәртібіндегі соңғы мәселе – «Amanat» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру шеңберінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеу бойынша атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев комиссия отырысының қорытындысымен тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Тағы да оқыңыз: