Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, белсенді кәсіпкерлер күн санап артуда. Оның ішінде шағын кәсіптен бастағандар, бүгінде оны кеңейтіп, өндіріс көлемін ұлғайтуда. Мәселен, Қазалы ауданында былтыр алғаш рет қолданысқа енгізілген «Qazaly» сабынын шығаратын цех жұмысын кеңейтуде.
Бүгінгі таңда сабын шығаратын цех жанынан хош иісті сұйық сабын және ыдыс жууға арналған сұйықтық өнімдері қоса шығарылуда. Бұл күнделікті тұрмысқа қажетті өнімдерді өндіріп жатқан Қазалы ауданының тұрғыны, жас кәсіпкер Руслан Жаңалықұлы. Кәсіпкер әлеуметтік желіде де белсенді. Оның @kazaly_sabyn инстаграм парақшасынан цех өндірген түрлі жұмыстарды көре аласыз. Күні кеше кәсіпкер аудан тұрғындарына жақсы жаңалығымен бөлісіп, отандық өнім, жергілікті өндірістің тынысы ашылғанын сүйіншіледі.
«Алланың қалауымен Қазалы сабынын шығаратын цех жұмысының қатарына ыдыс жууға арналған сұйықтық пен сұйық сабын іске қосылды. Жергілікті өнімде ешқандай химиялық қоспа жоқ. Таза, табиғи өнім» дейді жеке кәсіпкер.
Одан бөлек цехта алтын түстес кір сабын шығарылады. 92% майлылығы бар қара сабын да сұранысқа ие. Тұтынушылар да жасалып жатқан өндіріске оң бағасын беріп, сәттілік тілеуде. Бастысы баға қалтаға қонымды. Басқа жерлерге тапсырыспен жөнелтілсе, көтерме бағамен де сатылып жатыр.
Иә, елде өндіріс саласын көбейтуді көздеген олар өнімдерімен бүгінде халықты қамтамасыз етіп келеді. Руслан Жаңалықұлы секілді шағын өндірістен бастап, кейін кәсіпті кеңейткісі келетіндерге барлық мүмкіндік қарастырылған. Тек жақсыны көрмекке ұмтылыс, ізденіс керек.
Бизнес бірден жүріп кетпейді. Қазір сабын шығаратын цех еңбектеу сатысында.
«Болашақта «Qazaly» өнімдерін көптеген қалаларға тасымалдап, отандық кәсіпкерлікті дамытқымыз келеді» дейді кәсіпкер сөз арасында.
Айта кеткен жөн, 2022 жылы жеке кәсіпкер Руслан Жаңалықұлы “Жыл таңдауы” номинациясына ие болған.