Kyzylorda-news.kz. Биыл Қазалы ауданында аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеу бағытында 7 жоба қолға алынып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Бүгінгі таңда аудандағы Бекарыстан би мен Майдакөл ауылдарының арасындағы жол асфальтталды.
Мердігер мекеме «Нұрас и К» ЖШС автомобиль жолына су көздері жақын болғандықтан негізгі жол қабатын күшейтіп, 7,3 шақырымға асфальтобетон қабатын толықтай төседі. Ендігі кезекте мердігер мекеме жол жиегін бекітіп, жол белгілерін орнату және жолақтарды сызу жұмыстарын атқаратын болады.
Айта кетейік, бұған дейін аудандық маңыздағы Бекарыстан би мен Жаңақұрылыс елді мекендерінің арасындағы 12,3 шақырым жол асфальтталған болатын.
Қазіргі таңда Әйтеке би кенті мен Басықара ауылы, Майдакөл мен Ү.Түктібаев елді мекендерінің арасындағы жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін аудан орталығы – Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығындағы жолды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жариялаған болатынбыз. Мұндағы мердігер мекеменің техникалары автомобиль жолдарын кеңейту мақсатында тиісті жұмыстарды қолға алған.

