Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының тұрғындары тіршілік нәрінен қысылады, деп хабарлайды “Хабар 24”.

Күз-қыс мезгілінде 5-6 мың текше метр су тұтынатын қазалылықтардың қазіргі сұранысы 10 мыңға дейін жеткен. Шаруалар бау-бақша, егістігін суаруды бастаған кезде Арал – Сарбұлақ топтық су құбырында қысым азайып, тапшылық туындайды. Мәселе қалай шешімін табады?

Әйтеке би кентін толық ауыз сумен қамтуға қауқарлы Байқожа су құбырын жаңғырту үшін қыруар қаржы керек. Ал қаржыландыру үшін магистральдық желі су ресурстары комитетінің теңгеріміне өтуі тиіс екен. Егер жоба мақұлданса, аудан орталығына дейін 62 шақырым құбыр тартылады.

“Байқожа локальді су құбырын қайта жаңғырту жобасы бойынша облыстық бюджеттен бөлініп, жоба-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жоба құны 2 млрд 500 млн теңгеге қаржы шықты. Аталған жобаны республикалық бюджеттен қаржыландыруға тиісті комитеттерге 2021 жылға қаржыландыруға ұсыныс берілді”, – дейді Қазалы аудандық ТШК бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов.

Қазалы ауданы бойынша сервистік жүйеге қосылмаған 3 ауыл еді. Жуырда ғана Бекарыстан би елді мекенінің әр үйіне су кіргізілді. Қыстың көзі қырауда қатып қалған құдықтың мұзын ойып, жібітіп, шелекпен су тасыған Жадыра Өтемісова үшін енді ол бейнетті күндер артта қалды.

“Балаларға, үлкендерге өте жақсы болып тұр судың аққаны. Өте тиімді, ел қуанышқа бөленіп жатыр. Бұл міне, Қазақстанның өркендеп жатқанының бір көрінісі. Кереметтей жылы суымызды үйімізге қосып алдық”, – дейді Бекарыстан би ауылының тұрғыны Жадыра Өтемісова.

Қазалыда құдықтан су ішіп отырған әлі екі ауыл бар. Шәкен мен Сарбұлақ ауылдарын топтық су құбырына қосу экономикалық жағынан тиімсіз екен. Енді ұңғыма қазу жобасы қарастырылып жатыр.

“Энергетика басқармасымен келісіп, жерасты суын пайдалану мәселесін қарастырып жатырмыз. Қазір зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Ең тиімді, тез шешілетін мәселе сол екі ауылдық округінің жерасты суын пайдалану. Тазалатып, халыққа сервистік желісін тартып беру жұмыстары болып тұр”, – дейді Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев.

Ағымдағы жылы Жанқожа батыр мен Майдакөл ауылының үйлері сервистік желіге қосылады. Сол кезде ауданды ауыз сумен қамту көрсеткіші 90%-тен асады деп күтілуде.

Тағы да оқыңыз: