Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев шалғайдағы Сарбұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті.
Жүздесу барысында аудан басшысы атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта қолға алынатын жобаларға тоқталып, халық жолдаған сауалдарға жауап берді.
Кезек ұсыныс-пікірге берілгенде Сарбұлақ ауылының тұрғындары бірнеше мәселені аудан басшысының назарына ұсынып, оңтайлы шешілуіне көмек көрсетуді сұрады.
Кездесуде аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайтындығын, қажетті шаралар бірлесіп атқарылатындығын жеткізді.
Айтылған ұсыныстарға байланысты жауапты сала жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Кездесуге аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық мәслихат депутаты Ерболат Мұхаш және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.
Тұрғындармен кездесулерден кейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Сарбұлақ ауылындағы №78 мектепке арнайы барып, білім ордаларының жаңа оқу жылына дайындығымен танысты.
Аудан әкімі тұрғындармен кездесуін Қарақұм беткейінде жалғастырып, Шәкен ауылының тұрғындарымен жүздесті.
Кездесу барысында Мұхтар Әуесұлы ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында қысқаша айтып берді.
Сонымен қатар, аудандағы елді мекендерді көркейту, дамыту үшін халыққа барлық жағдай жасалатынын жеткізді.
Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Шәкендіктер елді мекенге дейін жол салу, ауыз су мәселелерін айтса, Шилі елді мекенінің тұрғындары мектепке интернет орнату жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Кездесуде аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайтындығын, қажетті шаралар бірлесіп атқарылатындығын жеткізді. Айтылған ұсыныстарға байланысты жауапты сала жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Кездесуге аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық мәслихат депутаты Райымбек Бөлебай және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.
Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Шәкен ауылындағы N134 мектепке арнайы барып, жаңа оқу жылына дайындығымен танысты.





