**[Kyzylorda-news.kz.](https://kyzylorda-news.kz/) Бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың халықпен кездесуі Сарыкөл ауылдық округінде жалғасты.** Басқосуға аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов, аудандық мәслихат депутаттары Әбдуәли Рахметов, Ғазиз Әліш және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты. Абай ауылдық клубында өткен басқосуда Мұхтар Әуесұлы аудан көлеміндегі атқарылған ауқымды істер мен межелі жұмыстарды және алдағы міндеттер мен жоспарлар туралы баяндап өтті. Сондай-ақ, Абай ауылына көгілдір отын тарту үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалып жатқандығын және І.Саймаханов пен Жаңа ауыл көшесіне жөндеу жүргізіп, Ақсай каналына тоспа салу мәселесі бойынша бюджеттік өтінім тапсырылғанын жеткізді. Кездесу барысында жергілікті тұрғындар сөз кезегін алып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтты. Тұрғындар тарапынан жайылымдылық жерлерді суландырып, мал азығын дайындау, жеке қожалықтардың иелігіне өтіп кеткен жерлерді кері қайтарып, ауыл тұрғындарына пайдалануға беру, елді мекен сыртындағы бақшалыққа электр насос орнату сынды мәселелерді көтерілді. Сондай-ақ, ақсақалдар дәл қазіргі уақытта округтегі №90 мектептің директоры және ауыл мешітінің имамы жоқ екенін айтып, бұл мәселелерді де тез арада шешіп беруін сұрады. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындар тарапынан айтылған әрбір ұсыныс-пікір назардан тыс қалмайтынын айтып, сұрақтарға жеке-жеке жауап берді. Кездесуден кейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жеке қабылдауға жазылған азаматтарды қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. ![](https://kyzylorda-news.kz/wp-content/uploads/2022/08/whatsapp-image-2022-08-12-at-17.35.18-1.jpeg) ![](https://kyzylorda-news.kz/wp-content/uploads/2022/08/whatsapp-image-2022-08-12-at-17.35.18.jpeg) ![](https://kyzylorda-news.kz/wp-content/uploads/2022/08/whatsapp-image-2022-08-12-at-17.35.18-2.jpeg)