Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентіндегі «Қазалы Теміржолжылу» филиалына арнайы барып, жылу орталығын аралады.

Әйтеке би кентін орталықтандырылған жылу энергиясымен «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы қамтамасыз етеді. Мәселен, орталықтан 12 теміржол, 65 тораптық және 23 бюджетке қарасты мекемелер жылу энергиясын алады. Сонымен қатар, 4 бес қабатты, 69 екі қабатты тұрғын үйлер және 194 жеке тұрғындар, 2 мешіт жылумен қамтамасыз етіледі.

Қазіргі таңда тұтынушыларға жылу қалыпты жағдайда берілуде. «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы директорының кеңесшісі Нұрылда Әбілдаевтың айтуынша, жылудың орталықтан шығу температурасы 74 градусты көрсетсе, қайту температурасы 58 градус болып отыр.

Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы аудандағы қатты отын қорын білу мақсатында «Капстрой» ЖШС-ның көмір қоймасына барып, кәсіпкерлермен кездесті.

Кездесуде «Капстрой» ЖШС қоймасында қатты отын жеткілікті екені айтылды. Мәселен, қазіргі таңда осы көмір қоймасының өзінде 800 тонна ағаш көмір, 500 тонна тас көмір бар.

Осы арада аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Жасәділ Ешепетов ауданда жылу беру маусымын аяқтауға қатты отын қоры жеткілікті екенін жеткізді.

Тағы да оқыңыз: