Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда Қазалы ауданында егін орағы қызу жүріп жатыр. Қамбаны қазірден бастап қызылға толтыруға кіріскен шаруалар комбайндарын тізгіндеп, егістіктің басында таң атқаннан кеш батқанға дейін еңбек етуде.

Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев пен «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаевпен бірге «РЗА – Агро» ЖШС-ның күріштік алқаптарына арнайы барып, егін орағының барысын көрді.

Ақжона ауылдық округіндегі «Қостам» учаскесінде серіктестік 606 гектар күріш еккен. Қазіргі таңда күрішті орып, бастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Жалпы биыл «Рза – Агро» ЖШС 1922 гектар жерге күріш дақылын ексе, оның 100 гектарын орып, 40 гектарын бастырып үлгерген. Әзірге орташа өнім көлемі гектарына 40 центнерден айналуда.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай бүгінгі күні барлық шаруашылықтың жұмысшылары егін орағын ерте аяқтау үшін аянбай еңбек етіп жатқанын жеткізді. Аудан бойынша 1385 гектар күріш орылып, 712 гектар бастырылғанын тілге тиек етті.

Мұхтар Әуесұлы мұнан соң «Сыр маржаны» ЖШС-нің Ақтан батыр ауылындағы қырманына арнайы барды.

Қырман басында қызу жұмыс жүріп жатыр. Еңбеккерлер егістік алқабында жатқан өнімді жауын-шашынға ұрындырмай, шашпай-төкпей жинап алудың қамына кірісіп кеткен. Бір сәтке дамыл таппауда. Жедел әрекетке көшпесе, ала жаздай еткен еңбегінің зая болатынын жақсы біледі.
Айта кетейік, биыл аудан бойынша 17402 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде күріштің дәні 6361 гектар жерге себілген.

Бүгінгі таңда аудан бойынша күріш орағына қатысатын 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 59 трактор тіркемесі толықтай жөндеуден өткізіліп, егіс алқаптарында жұмыс атқаруда.

Тағы да оқыңыз: