Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті ХХІ сессиясы өтті.
Сессияға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудан прокуроры Дарын Әбіш, облыстық мәслихат депутаттары Мнажадин Өтеев, Ібайдулла Тілеп, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов және дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап төрағалық жасаған сессия күн тәртібіне 6 мәселе шығарылды.
Алдымен сессияның күн тәртібі мен регламенті бекітілген соң, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев өзінің функциялары мен міндеттерін орындауы жөнінде мәслихат депутаттары алдында есеп берді.
Мұхтар Әуесұлы Қазалы ауданында бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарды тілге тиек етіп, алдағы жұмыстардың бағдары айқын екендігін жеткізді.
Биылғы жылы қасиетті Қазалы ауданында іргелі істер атқарылып, халықтың игілігіне пайдалануға берілді.
Атап айтар болсақ, жақында ғана Әйтеке би кентінен ауысымына 250 келушіге арналған емхана мен Қ.Пірімов ауылынан спорт кешені пайдалануға беріліп, Қазалы қаласы көгілдір отынға қосылды.
Қазіргі таңда аудан орталығына жақын орналасқан 3 елді мекенді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Одан бөлек, Абай ауылын газдандыру үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалуда.
Биыл Қазалы қаласындағы апаттық жағдайдағы тұрған «Өрімтал» балабақшасы жаңа ғимаратқа көшеді. Қазіргі таңда қала аумағынан 140 орындық балабақшаның құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев алдағы уақытта да ауқымды жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.
Күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты Қазалы аудандық пробация қызметінің бастығы Ербол Сражатов, аудандық мәслихат депутаты Ерболат Мұқаш, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Ринад Тілеп, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейітов хабарлама жасап, атқарылған жұмыстар жөнінде айтып берді.
Сессияда аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш, Әбдуәли Рахметов шығып сөйлеп, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті.
Ал, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев балалар жылына сый ретінде демеушілік есебінен бір спорттық алаң салып беретінін жеткізді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Сыр маржаны» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеевке алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.

