Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында ауыл шаруашылығы саласында 4,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға өсті. Бұл салаға жыл басынан бері 403,2 млн. теңгеден астам субсидия төленіп, 38,7 млн. теңге инвестиция тартылды.

Биыл аудан бойынша 17 090 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

«Өздеріңіз білетіндей, біздің аудан ауыл шаруашылығына бейімделген аймақ.Биылғы жыл шаруалар үшін қиын жыл болып тұр. Қыста қардың аз түсуі, көктемде жауын-шашын болмауынан Сырдария өзеніндегі су көлемі төмен деңгейде. Салдарынан еліміздің бірқатар аймақтарында, оның ішінде біздің өңірімізде де қуаңшылық орын алып отыр. Бұл негізгі кәсібі егін және мал шаруашылығы болып табылатын аудан шаруалары үшін үлкен қиыншылық тудыруда.Алдын ала жүргізілген есепке сәйкес мал қыстату науқанына аудан бойынша 142 мың тонна шөп, 28,6 мың тонна жем қажет. Ауданымызға қажетті шөптің 65 пайызын, ал жемнің 20 пайызын өздігімізден қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Жем-шөптің жетіспейтін бөлігін өзге аудандардан тасымалдау жұмыстарын ұйымдастыратын боламыз»,-деді Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев.

Сондай-ақ, аудан аумағында мал азығын қымбаттатпау және мал шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөнінде аудандық штаб құрылды.Бұған қоса, көршілес ауданның шаруа қожалықтарымен шөп дайындауға меморандумға отырған.

«Жақында аудандық штаб отырысы өткізіліп, онда алты шаруа қожалықтармен меморандумға қол қойылды. Ауылдық округтерден 15 шөп дайындау бригадасы жасақталынып, қол орақпен дайындалатын шөп көлемі белгіленді.Сонымен қатар, қазіргі таңда «Жалаңтөс батыр» және «Сыр Маржаны» ЖШС-нен көршілес Арал ауданының тұрғындарынан жасақталған бригадалар келіп, шөп дайындау жұмыстарын жүргізуде»,-деді аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы.

Сонымен қатар, жыл басынан бері Ресей, Украина, Қырғызстан, Ирак, Тәжікстан, Монғолия елдеріне 1 678,2 тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды.

Тағы да оқыңыз: