Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы қазақ тілін білмейтін азаматтарға үндеу жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы “Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында қозғады.

Президент ниет пен ынта болса, ана тілді қысқа уақытта меңгеріп шығуға болады дейді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы, тіпті, міндеті екенін айтты.

“Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда “Ештен кеш жақсы” деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек”, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы қазақ тілді кеңінен қолдану басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады дегенді білдірмейтінін атап өтті. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Жастар бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал. 

“Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты”, – деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары, деп түйіндеді Тоқаев.

Тағы да оқыңыз: