Kyzylorda-news.kz. Президент мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер беру рәсіміне қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің үлесін ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы Екінші Дүниежүзілік соғыста 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының батыры атанғанын, бірақ көптеген майдангеріміздің ерліктері түрлі себептерге байланысты елеусіз қалғанын еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушы офицерлерге аты аңызға айналған үш ержүрек жауынгердің ерен ерлігі туралы айтты. Бұл майдангерлерге қаза болғаннан кейін бүгін «Халық қаһарманы» атағы берілді.
«Біз ерлеріміздің есімін жаңғыртып, оларды ұлықтай беретін боламыз. Өйткені, ерлік ешқашан ескірмейді. Майдангер аға буын кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге», – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттік наградаларды табыстап, офицерлерге әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер берді.
