Kyzylorda-news.kz. Қазақстан ашық әрі әділетті сайлау өткізуге дайын.

Ресей Федерациясының төрағалығымен видеоконференция форматында өтіп жатқан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына Парламенттің төменгі палатасының сайлауы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«COVID-19 пандемиясы әлемдік саясат пен экономиканы шатқаяқтатып жіберді. Жағдайды сауда соғыстарына ұласқан өзара санкциялар мен шектеулер тіпті ушықтырып тұр. Экстремизм, терроризм, есірткі саудасы, киберқауіпсіздік пен заңсыз көші-қон саласындағы жаһандық тегеуріндердің артып бара жатқаны да алаңдатады. Осындай жағдайда бейбітшілікті нығайтып, аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы мемлекетаралық механизм ретіндегі біздің ұйымның рөлі айтарлықтай арта түседі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, пандемияны еңсеруге үн қосқаныңыз үшін құрметті Владимир Владимирович (РФ президенті Путинге) сізге алғысымды айтқым келеді. Таяу арада Қазақстанда ресейлік вакцинаны әзірлейтін зауыт салынады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев сессияда.

Президент сонымен қатар сессияға қатысушыларға Қазақстанда электоралды кезең басталып жатқанын айтып өтті.

«2021 жылғы 11 қаңтарда Парламенттің төменгі палатасы мен жергілікті өкілдік органдарының сайлауы өтеді. Сайлау конституциялық мерзімде болады. Партиялардың бәріне даярлануға жеткілікті уақыт берілді. Биыл біз теңдессіз демократиялық реформалар пакетін қабылдадық. Олар көппартиялылықты және партиялық бәсекелестікті дамытуға, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған. Атап айтқанда заңнамалық деңгейде парламенттік оппозиция институты бекітіліп, партиялық тізімге жастар мен әйелдердің үлесі үшін 30 пайыздық квота бөлінді. Біз ашық әрі әділетті сайлау өткізуге ниеттіміз. Серіктестеріміздің қолдауы мен осы елдердің бақылаушыларын күтеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тағы да оқыңыз: