Kyzylorda-news.kz. Қармақшыдағы медицина мекемелеріне 6 автокөлік берілді. Ақжар ауылдық дәрігерлік емханасы мен Шипагер дәрігерлік емханасына бір-бір автокөліктен берілсе, орталық емханаға 1 жылжымалы медициналық кешен автокөлігі және 3 автокөлік табысталды. Бұл туралы Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков айтты.

«Ауданда медицина саласын дамытуға күш салып келеміз. Қазіргі таңда емханаларды түрлі техника, қажетті құралдармен жабдықтап жатырмыз. Бұл тұста кәсіпкерлер де көмегін аяп жатқан жоқ. Мәселен, өткен жылы ауданының кәсіпкерлері мен сыртта жүрген азаматтарымыз демеушілік жасап, құны 54 млн. 223 мың теңге көлемінде қаржылай және заттай көмек жасады. Оның ішін дедәрі-дәрмек, керекті құрал-жабдықтар, оттегі балондары мен концентраторлар, рентген мен ИВЛ аппараттары алынды. Коронавирус инфекциясын таралуына жол бермеу мақсатында сақтық шарасына аса мән берудеміз», – деді Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков.

Қазіргі таңда ауданда 4 рентген аппараты жұмыс істеп тұр. Оның екеуі аудандық ауруханада, екеуі Төретам ауылдық ауруханасында. Айта кетейік, былтыр ауданға «КазГерМунайГаз» компаниясының демеушілігімен 12 өкпені жасанды желдету аппараты, 46 оттегі концентраторы алынды.

Мал басы 7 пайызға көбейді

Өткен жылы ауданда төрт түліктің саны 7 пайызға өсті. Мүйізді ірі қара – 4,7 пайызға, қой – 7,5 пайызға, ешкі – 6,2 пайызға, жылқы – 9 пайызға, түйе – 6,6 пайызға, құс – 9,5 пайызға көбейді.

«Соңғы жылдары ауданда мал шаруашылығында өсім байқалып келеді. Өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 388 мал сатып алынды. Сонымен бірге, «Еңбек» бағдарламалары аясында және «Микро бизнес Қызылорда» несие серіктестігі арқылы 14 жоба несиелендірілді. Оған 167 бас мүйізді ірі қара, 63 бас жылқы алынды», – деді Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков.

Ауданның ауылдары интернет желісіне қосылуда

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы Қармақшы ауданының 9 ауылдық округі 10-20 Мб/сек жылдамдықтағы кеңжолақты интернет желісімен қамтамасыз етілді. Ал 2 кент және 8 ауылдық округ ұялы байланыс операторларының 3G жылдамдықтағы интернет желісіне қосылды.

«Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі. Қазіргі таңда интернет және ұялы байланыс жолдары электр жарығы сынды негізгі қажеттілікке айналды. Сондай-ақ, қашықтықтан оқыту мен карантин уақытында үйден қызмет көрсетуге интернет қажеттілігі туындады. Елді-мекендерді толық интернетпен қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп жатырмыз», – деді Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков.

Бағдарлама аясында енді Ақжар, Ақтөбе, Жаңажол ауылы және Жосалы кентін Activ жәнеTele 2 ұялы байланыс операторлары тарапынан 3G жылдамдықтағы интернет желісіне қосылмақ.

Мектептер жаңа модификациялық құралдармен жабдықталды

Ауданда жаңа модификациялық кабинеттерді жабдықтауға 182 млн. 465 мың теңге бөлінді. Қомақты қаржыға 23 физика, химия, биология кабинеттері жабдықталды.

«Өздеріңіз білетіндей, білім беру саласында пандемияға байланысты балаларды оқытудың тәсілі мен мазмұны түбегейлі өзгерді. Көптеген білім беру ұйымдары қашықтан оқуға көшті. Осы орайда толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн платформасын жолға қойып, оқушыларға сапалы білім беруге күш салып жатырмыз. Республика бюджетінен қашықтықтан оқытуға отбасының әлеуметтік жағдайларына қарай 1790 ноутбук, 462 компьютер, 599 планшет, демеушілікпен 78 планшет, 300 SIM карта алынды», – деді Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков.

Айта кетейік, мұндай қолдау мұғалімдерге де көрсетілді. Мәселен, биылғы оқу жылында облыстық кәсіподақ комитеті мектеп мұғалімдерінің әлеуметтік жағдайларына сәйкес сабақ өткізу үшін 32 ноутбукты берді.

1880 жұмыс орны ашылды

Былтыр ауданда Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайта даярлау курстарына 18 адам, «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курстарына 435 адам жолданып, 358 адам оқуын бітіріп шықты. Еңбекпен қамтудың белсенді шараларымен 2353 адам қамтылып, тұрақты жұмысқа 925 адам орналастырылды. 1880 жаңа жұмыс орны ашылды.

«Ауданда жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жастарға кәсіби бағдар беру маңызды. Сондықтан қазіргі таңда қажетті мамандықтарға талдау жұмыстары жүргізіліп, тізбесі жасалуда. Биыл ауданда физика-математика, орыстілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдеріне, дәрігерлер және жоғары санаттағы аспазшы мамандықтарына сұраныс артыпотыр. Алдағы уақытта осы сұраныстарға орай жұмыстар жасалатын болады», – деді Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков.

Ауданда «Агрозона» құрылады

Ауданда «Агрозона» құрылады. Енді әрбір ауылдық елді мекендердің жанынан тұрғындардың бау-бақша егуге жағдай жасалатын болады. Аталмыш бастама жүзеге асса, әрбір отбасы қыс мезгілінде қажетті бақша өнімдерімен өздерін қамтамасыз етуге мүмкіндік алады.

«Қазіргі таңда ауылдық елді мекендерде ниет білдірген тұрғындарға бау-бақша егу үшін жерді өңдеу мен аяқ-сумен қамту туралы шаруашылықтармен бірлесіп тиісті жұмыстар атқару үшін сала басшыларын атап сырмалар берілді. Бүгінгі күні біздің мақсатымыз Қармақшы ауданының әлеуметтік – экономикалық дамуымен қатар тұрғындарымыздың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасай отырып, аймағымыздың қарқынды серпілісіне өзіміздің үлесімізді қосу болып табылады», – деді Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков.

Тағы да оқыңыз: