Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданында «Самара-Шымкент» тасжолының бойында Қызылорда облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция қызметкерлерімен «ВАЗ-2115» үлгісіндегі автокөлігі тоқтатылды.
Полиция қызметкерлерінің тоқтатуы барысында жүргізуші автокөліктің алдыңғы терезесінен жолаушы жағынан полиэтилен пакетін лақтырып жібереді. Жедел-тергеу тобымен жүргізілген қарап-тексеру барысында пакет ішінен есірткі затына ұқсас жасыл түсті ерекше иісі бар зат анықталды.
Сараптама қорытындысымен алынған ерекше иісі бар заттар салмағы 464,84 гр «кептірілген марихуана» екендігі анықталған.
Күдікті жүргізуші Қызылорда қаласының 40 жастағы тұрғыны болып шықты.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігімен (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.