Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен, Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен 5 қыркүйек – Қазақстан Халқы Тілдері күні қарсаңында түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты аймақтық ақындар мүшәйрасы өткізілді.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазып шыққан және онымен қоса қазақ графикасын жасауға белсене атсалысқан қайраткер, ұлы тұлға.
Ахмет Байтұрсынұлындай қайраткерді жырға қосқан ақындарға Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержанов Дәурен Дауылбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік тіледі.
Ақындардың тілге деген құрметін, отансүйгіштік қасиетін жырмен, өлеңмен жеткізді.
Жыр мүшәйрасына 11 талапкер ұсыныс беріп, 6 ақын жүлделі орындармен марапатталды.
Арнайы құрылған қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Қармақшы ауданынан Тұрар Бекмұрзаев иеленді. Жүлделі І орынды қармақшылық Асқар Әли иеленсе, ІІ орын Қызылорда қаласынан Мейіржан Қартбайға бұйырды. Ал ІІІ орынды Жалағаш ауданынан келген ақын Гүлжанат Қадырбекова, сырдариялық Бақтөре Айтбаев және Жалағаш ауданынан келген Зылиха Жаңабай өзара бөлісті. Жеңімпаздар арнайы дипломдар мен сыйлықтармен марапатталды.

