Kyzylorda-news.kz. «Қарасора-2022» іс-шарасы барысында қызылордалық полицейлермен 10 мың түптен аса сора өсімдігі жойылды.

Биылғы жылдың 1 маусым – 30 қазан аралығында «Қарасора-2022» кең ауқымды арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Осыған орай, қарасораның егістерін анықтаудың және жоюдың іс-әрекеттерін іске асыру үшін, жергілікті құқық қорғау, атқарушы органдардың өкілдерімен жұмыс кездесуі ұйымдастырылып, арнайы жоспарлар бекітілді.

Іс-шараның мақсаты – есірткі заты бар өсімдіктерді өсіп-баптаудың алдын алу, героин трафигін жою, сондай-ақ есірткі, оның ішінде жаңа түрлерін таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметіне тосқауыл қоюға бағытталған.

Атқарылған ауқымды іс-шаралар нәтижесінде барлығы 54 есірткі қылмысы тіркелді. Оның ішінде есірткі өсірудің 36 дерегі, есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 2 дерегі және есірткі сатудың 3 дерегі анықталды. Есірткі өсіргені үшін барлығы 44 күдікті ұсталса, оның 13-і қамаққа алынды.
Оқиға орнынан 10 мың түптен аса сора өсімдігі жойылды, заңсыз айналымнан 23 кг жуық марихуана және 5 гр аса синтетикалық есірткі заты тәркіленді.

Мысалы, 7 тамыз күні Шиелі ауданында үйінің ауласына 41түп биіктігі 65-70 см болатын сора өсімдігін еккені үшін 46 жастағы аудан тұрғыны құрықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес заттай дәлелдеме ретінде алынған зат жалпы салмағы 5 кг жуық сора өсімдігі болып шықты. Күдікті Шиелі аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына оқшауландырылды.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300 – бабының 2 – бөлігімен (ірі мөлшерде құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

Қазіргі уақытта далалық аймақтардан ірі көлемдегі есірткі алқабын анықтау мақсатында топтар құрылып, шолу жұмыстары жүргізілуде.