Kyzylorda-news.kz. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің мерекелік демалысын қысқарту туралы тапсырма бергені белгілі. Осыған оарй, қазіргі уақытта Қазақстанда мереке демалыс күніне сәйкес келсе, келесі күн демалыс деп жарияланады.

Мәселен, халықаралық әйелдер күні жексенбіге дәл түссе, 9 наурыз (дүйсенбі) демалыс күні болып саналады. Ал 2020 жылдың наурызында демалыс күннің келесі күнге ауысуына байланысты қазақстандықтар 13 күн демалады.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл мемлекеттік қызметшілерге қатысты болмауы тиіс. Кейін президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаевтың бұл тапсырмасы әлемде коронавирустың тарауына және елдегі су тасқыны қаупіне байланысты енгізіліп отырғанын айтты.

«Мұның бәрі шұғыл әрекет етуді, барлық мемлекеттік құрылымның жедел және үйлесімді жұмысын талап етеді», – деді Берік Уәли.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік қызметші мерекенің басқа күнге ауыстырылуына сәйкес, демалыс күні жұмысқа шыққан жағдайда еңбек заңнамасы сақталады. Демек, еңбек кодексінің 85-бабына сәйкес, демалыс күні жұмысқа шыққан мемлекеттік қызметшіге бір жарым күндік жұмыстың ақы төленеді.

Мемлекеттік қызметшілер демалыс күні жұмысқа өзінің жазбаша рұқсатымен ғана шығады.

Мемлекеттік қызметші деген кім?

Қазақстандағы мемлекеттік қызмет «Мемлекеттік қызмет туралы» заңмен реттеледі.

Осы заңға сәйкес, Қазақстан президенті әкімшілігі, парламент, үкімет, жоғарғы соттың және оның бақылауындағы соттардың, сондай-ақ, конституциялық кеңес пен орталық сайлау комиссиясы аппараты қызметкерлері мемлекеттік қызметші болып саналады.

Сонымен қатар министрлікте, мемлекеттік комитетте және өзге де орталық атқарушы органдарда жұмыс істейтін адамдар мемлекеттік қызметші болып саналады. Мәслихат пен әкімдік қызметкерлері де осы тізімге енеді.

Мемлекеттік қызметші тізіміне мемлекеттік органдар мен олардың аппараттарында техникалық қызмет көрсететін адамдар кірмейді.

Қазақстанда қанша мемлекеттік қызметші бар?

2019 жылдағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 98,7 мың мемлекеттік қызметші бар. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ақпаратына сәйкес, орталық мемлекеттік органдарда 52 363 шенеунік, ал жергілікті мемлекеттік органдарда 46 363 адам жұмыс істейді.

Демек, Қазақстан халқы санына шаққанда орта есеппен әр мың адамға 5,4 мемлекеттік қызметшіден келеді.

Қазақстандағы мемлекеттік қызметші санаттары

Қазақстанда мемлекеттік қызметші мәртебесінің екі түрі бар: әкімшілік және саяси.

Әкімшілік мемлекеттік қызметкер – саяси мемлекеттік қызметші құрамына кірмейтін тұлға. Бұл санатқа президент әкімшілігінің қызметкерлері кіреді. Олар: сектор меңгерушісі, инспектор, кеңесші, сарапшы, референт.

В тобына парламент палатасының аппараттарында, премьер-министр кеңсесінде, жоғары сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінде, президенттің іс басқармасында, орталық сайлау комиссиясының аппаратында, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде жұмыс істейтін адамдар кіреді.

В-1 санатына құрылымдық бөлімшенің басшысы кіреді. В-2 санаты құрылымдық бөлімше басшысының орынбасары енсе, В-3 санатына премьер-министрдің кеңесшісі мен көмекшісі, Жоғары сот төрағасының көмекшісі мен кеңесшісі кіреді. Сондай-ақ, Конституциялық кеңес төрағасының көмекшісі мен кеңесшісі, премьер-министр кеңсесінің бас инспекторы, президенттің іс басқармасы кеңсесінің бас инспекторы, орталық сайлау комиссиясының төрағасының көмекшісі мен кеңесшісі кіреді.

В-4 санатына премьер-министр орынбасарының, премьер-министр кеңсесі басшысы орынбасарының, президеттің іс басқармасы басшысы орынбасарының, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы орынбасарының көмекшісі мен кеңесшісі кіреді. Сондай-ақ, парламент төрағасы орынбасарының көмекшісі, Жоғары сот аппараты басшысы орынбасарының көмекшісі, сектор басшысы, бас кеңесші жатады.

В-5 санатына бас сарапшы, парламент депутатының көмекшісі кіреді.

В-6 санатына сарапшы кіреді.

С санатына тікелей президентке бағынатын органдарда жұмыс істейтін адамдар кіреді. Олар: орталық атқарушы орган, Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық, орталық атқарушы органдардың ведомствалары және Қазақстанның шетелдегі мемлекеттік қызметкерлері.

D санатына облыс әкімдігі мен мәслихатында жұмыс істейтін адамдар жатады.

Е тобына аудан әкімдігі мен мәслихатында қызмет ететін адамдар кіреді.

Конституциясының 40-бабы 1-бөлігіне сәйкес, Қазақстан республикасының президенті — мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.

Sputniknews.kz

Тағы да оқыңыз: