Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қалалық полиция басқармасының 102 жедел арнасына қала тұрғындары алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде шағым түсірді.
Жәбірленушілердің тәртіп сақшыларына жазған арызы бойынша қазан айында мемлекет атынан қайтарымсыз грант алып беруге уәде беріп, белгісіз біреу алдап соққан. Осы істі жасап беру үшін жәбірленушілерден 1миллион 400 мың теңге қаражатын иемденген азаматқа қатысты заңды шара қолдануын сұраған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде криминалдық полиция қызметкерлері ізін суытпай 23 жастағы қала тұрғынын ұстады.
«Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 3 – бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды», – делінген полиция департаментінің хабарламасында.