Kyzylorda-news.kz.  Семей қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері қаладағы мейрамханалардың бірінде өткен той-жиынның мән-жайын анықтап жатыр. Видеода танымал қазақстандық әнші Қайрат Нұртас та қонақтар арасында көрінеді, деп хабарлайды жергілікті Sputnik. 

“Танымал әншіге қатысты видео 23 наурыздан кейін әртүрлі желілерде жариялана бастады. Ал мемлекеттік бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес республика аумағында бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынған. Қазіргі кезде қазақстандық әншінің қатысуымен өткен жиынға баланысты мейрамхана иесі мен лауазымды тұлғаға қатысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны туралы полициядан алынған материалдар негізінде тиісті шара қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр”, – делінген Семей қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарламасында.

Ал Instagram желісінің қолданушылары жарияланған видеодағы той иесі Семей қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы екені айтылады.

“Бүгін “Жібек жолы” мейрамханасында Семей қаласының мамандандырылған ХҚКО-ның басшысы Ержан Тілеужанов той өткізді. Тойға Қайрат Нұртас келді. Ол Қайраттың жанында көк костюммен отырған адам”, – деп жазылған видео астына жазылған пікірлердің бірінде.

Аталған фактіге орай, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп, тексеру жұмыстарын жүргізуде. Соның аясында карантиндік шектеулерді бұзушылар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша жазаға тартылады. Оларға ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін.

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, карантиндік шектеу кезінде өткен мерекелік іс-шараның барлық қатысушыларымен бірге Қайрат Нұртасқа қатысты да әкімшілік материалдар жиналған.

Тағы да оқыңыз: