Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Қазақстанның құрметті спорт қайраткері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жақсыбек Егізбаев атындағы дәрісхана ашылды. Салтанатты шарада Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай ғалымның ғылым мен білім саласына қосқан еңбегіне тоқталды.
«Бүгін біз қоғам үшін игілігі мол, тағылымды шараның куәсі болудамыз. Оқу орны әрдайым білім мен ғылымның дамуына үлес қосқан ғалымдардың есімін ұлықтап, ұрпақ санасында жаңғыртуды дәстүрге айналдырған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ұзақ жылдар қызмет еткен ғалымдардың ұрпақтары, сонымен қатар өздері де білім саласының дамуына үлес қосуда. Олар дәрісхананың жаңғыртылуына, материалдық-техникалық базаның нығаюына атсалысуда. Кейінгі 4 жыл ішінде университетте 15-ші дәрісхананы демеушілер есебінен ашудамыз. Ғалым – 150-ден астам ғылыми мақаланың, 10-нан астам оқу-әдістемелік құралдың және өнеге-өсиетке толы танымдық кітаптардың авторы. Ол саналы ғұмырын білім мен ғылым саласын дамытуға, жас ұрпақтың кәсіби маман, тегеурінді тұлға болып қалыптасуына арнады, – деді Жандос Нұртайұлы.
Салтанатты шарада оқу орнының стратегиялық дамуына қосқан үлесі үшін профессордың қызы Балғын Егізбаева «Қорқыт Ата атындағы Алтын медальмен» марапатталды. Жиынға зиялы қауым өкілдері, ғалымның туған-туыстары, профессор-оқытушылар мен білім алушылар қатысты. Сондай-ақ, «Қайсар» футбол клубының директоры, ҚР құрметті спорт қайраткері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Садық Мұстафа, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Бахытхан Әбдікәрімов, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, шәкірті Жандос Есіркепов ғалымның еңбек жолы мен тұлғалық болмысы, өнегелі істері туралы сөз қозғады.
Айта кету керек, Жақсыбек Егізбайұлы 1970-1980 жылдары Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқарды.
1980-1990 жылдары Қызылорда облыстық білім бөлімінің мектеп инспекторы, А.С.Макаренко атындағы балалар үйінің директоры, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының кабинет меңгерушісі, облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
1990 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі, Жаратылыстану факультетінің тәрбие жұмыстары жөніндегі декан орынбасары болып еңбек етті.
1999-2003 жылдары екінші шақырылған Қызылорда қалалық мәслихат депутаты болып сайланды. Депутат ретінде де қаланың қоғамдық-әлеуметтік, саяси өміріне белсене араласып, дене тәрбиесі мен спортты насихаттап, қалалық, облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібіне қойып, мәселе көтеріп, бұқаралық спорттың өркен жаюына қомақты үлес қосты. Әлі де сол бағытты ұстанып, қала мәдениеті мен келбетіне, тазалығына өз ұсыныстарын білдіріп келеді.