Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтар Қорқыт ата кесенесіне барды.
Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру мақсатында аудандық прокуратура, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және аудандық пробация қызметі бірлесіп, пробация есебінде тұрған сотталған азаматтарға "Қорқыт атаға тағзым" атты мәдени іс-шара өткізді.
Түркі дүниесінің қайталанбас дара тұлғасы Қорқыт атаның жамбасы тиген қасиетті Қармақшы жеріндегі Қорқыт ата кешеніне келген қонақтарды кешеннің меңгерушісі мен қызметкерлері қарсы алып, қонақтарды Қорқыт ата мұражайының экспонаттарымен таныстырды.
Есептегі тұлғалар Қорқыт ата туралы аңызды тыңдап, қобыз бейнесінен, желдің көмегімен шығып тұрған қобыз үнінен әсер алды.
«Бүгінгі іс-шарадан ерекше әсер алдым. Қорқыт ата кешенінің тарихымен танысып, ұлттық құндылықтарымыз туралы мол мағлұмат алдым. Осындай тағылымды кездесулер адамға ой салып, өмірге деген көзқарасын өзгертуге ықпал етеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта заң талаптарын сақтап, қоғамның белсенді әрі пайдалы азаматы болуға бар күш-жігерімді саламын. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шараларды ұйымдастырған азаматтарға алғысымды білдіремін», – деді пробация есебінде тұрған азамат.
