Kyzylorda-news.kz  Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап елімізде Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталған болатын. Іріктеуге кімдер қатыса алады? Резервтің салалық бағыттары, іріктеу жоспары, кандидаттарға қойылатын талаптары қандай? Партия алаңына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Мендалиев Ерлеген Жәрдемұлы келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Оған партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, атқарушы хатшы Ләйлә Төрешова, сонымен қатар партияның аймақтық және аумақтық филиалдарындағы жастар, «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері қатысты.

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс өтілі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының барлық азаматы қатыса алады. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады және 2025 жылдың маусым-қазан айлары аралығында өтеді. Оның қорытындысы бойынша Резервке үздік 50 кандидат іріктеліп алынатын болады.

Резервке қабылданған күннен бастап 3 жыл ішінде резервшілер конкурстық іріктеуден өтпей, тікелей түрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуы мүмкін. Қатысуға өтінімді pkrezerv.gov.kz сайтында 1-30 маусым аралығында беруге болады.

Яғни қатысушы ЖСН және электрондық поштаны енгізу арқылы сайтта тіркеуден өтуі қажет. Кандидаттың жасы тексерілгеннен кейін оған жеке кабинетте анкетаны толтыруға және қажетті құжаттарды жүктеуге мүмкіндік беріледі. 

Тағы да оқыңыз: