Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда «Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын жер қатынастары мәселелері мен есепті кезеңде облыс бойынша мемлекет меншігіне қайтарылған және бөлінген жер көлемдері туралы мәселелер қаралды.
Жиында облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Марат Кушеков Жолдауда айтылған жерді айналымға алу, жер беру механизімін өзгерту, жердің ортақ цифрлы картасын құру, жерді басқаруда цифрлық технологиялардың ролін көтеру және жерді қайтару мәселелері бойынша өңірде атқаралып жатқан жұмыстарды жеткізді.
Ел Президентінің пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару тапсырмасы аясында биылғы жылы да жұмыстар өз жалғасын табуда. Мәсәлен, 2022-2024 жылдары мемлекетке 460 мың гектар жер қайтарылып, Ауыл шаруашылығы министрлігімен облысқа бекітілген жоспар артығымен және мерзімінен бұрын орындалды. Ағымдағы жылы орталық уәкілетті орган 60 мың гектар игерілмей бос жатқан жерді қайтаруды белгілеп отыр. Жыл басында облыс әкімдігімен бірлесіп қала және аудандар бойынша қайтарылатын жерлердің жоспары мен айлық кестесі бекітілді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күнге 51 мың гектар жер қайтарылып, 9 айлық жоспар 106 % пайызға, ал жылдық жоспар 85 % пайызға орындалып отыр», - деді Марат Кушеков.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рсыбек Шайхиев бүгінгі күні жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер толық цифрландырылған. Сонымен қатар, елді мекендер аумағында кәсіпкерлік мақсатында жер телімін аукцион арқылы сату электронды түрде жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді электронды түрде конкурс арқылы табыстау жобасы және Мемлекет басшысының Жолдауда қайтарылған жерлердің барлығын 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін айналымға енгізу туралы тапсырмасына сәйкес облыс әкімдігімен жергілікті тұрғындардың жайылымдық қажеттігін ескере отырып, жерлерді қайта айналымға енгізудің тоқсандық жоспары әзірленіп жатыр,- дейді.
Жиында комиссия мүшелері жұмысты жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салып, қайтарған жерлердің игілігін ел көру керектігін сөз етті.