Kyzylorda-news.kz Қазақ елінде жүргізіліп жатқан реформалардың күн тәртібінде қазіргі, тіпті келешектегі ықтимал жаһандық сын-қатерлер толық мейлінше ескерілген. Бұл туралы ҚР Құрылтайының бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, – деп хабарлайды Қазақпарат.
– Әлемде жаңа тәртіп қалыптасып жатыр. Ол кереғар сипатқа ие: бір жағынан — қауіпті, зиянды, келешегі бұлыңғыр, ал екінші жағынан — прогрессивті, технологиялық, перспективті әрі адамзат тарихындағы елеулі бетбұрыс саналады. Мұндай жағдайда экономика, ғылым, әскери-дипломатия салаларында өзінің егемендігін нақты іспен қорғап, нығайтуға қауқарлы, ең маңыздысы, адам әлеуетін дамытатын мемлекеттер ғана жаңа дәуірге бейімделетіні баршаға түсінікті. Дәл осы себепті мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мақтангершілік емес, әділін айтсақ, біз жүргізіп жатқан ауқымды реформалардың қарқыны алдағы уақытта үдей түспесе, бәсеңдемейді. Қарапайым тілмен айтқанда, артқа шегінер жол жоқ. Бұл — елеулік жетістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақ елінде жүргізіліп жатқан реформалардың күн тәртібінде қазіргі, тіпті келешектегі ықтимал жаһандық сын-қатерлер толық мейлінше ескерілген.
– Бұл — аса маңызды. Басқаша айтқанда, сол сынақтарды еңсеру үшін алдын алу шаралары қабылданады, – деді Мемлекет басшысы.
Сурет: Ақорда
