Kyzylorda-news.kz.  Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбісі еңбек күні деп белгіленген. Бұл күнді мерекелеудің негізгі мақсаты қажырлы еңбекті ынталандыру.

Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еңбек құндылығын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні ретінде атап өтті.  

Осы орайда, бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы және Ардагерлер Кеңесі еңбек адамының қадір – қасиетін дәріптеп, мәртебесін арттыру мақсатында кейінгі ұрпаққа үлгі мен өнегенің жарқын үлгісін көрсеткен ішкі істер органдарының ардагері мен білімді де білікті маманды марапаттады.

Ішкі істер органдарының ардагері Абубакирова Фируза Абдрахмановна 30 жылдан астам ішкі істер органдарында қызмет еткен. Елеулі еңбек етіп, зейнетке шықса да қоғамнан алыстамай, жастарға өмірден білген-түйгенін, жетістікке жетудің жолдары мен абыройлы еңбек етудің сырын бөлісуде.

Адал еңбекпен абыройы артқан Сарсенбаев Айтжан Қоңыршаұлы да  1990 жылдан бастап осы күнге дейін Полиция департаментінде еңбек етіп келеді.

«Дана халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, еңбек – бақыттың шырағы» деп тегін айтпаған, өйткені ерінбей еңбек еткен адамның өмірі мəнді, тұрмысы сəнді болады. Адал еңбек – қашанда құнды. Жанын сала еңбек етіп, табысын маңдай терімен тауып отырған адам әрдайым құрметке лайық.

Ұзақ жылдар бойы өз күш-жігерін аямай, ерен еңбек  еткен ардагерімізді және әріптесімізді Еңбек күнімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға бақыт пен шаттық тілеймін!» деді Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Әміржан Өтегенов. 

Өз кезегінде  марапатталғандар еңбектері еленгені үшін алғыстарын білдірді.

 

Тағы да оқыңыз: