Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда «Болашақ» университеті бакалавриат бойынша 50 білім беру бағдарламасы және магистратураның 6 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлауда. Сондай-ақ, заман талабына сай бүгінгі күннің қажеттіліктерін ескере отырып жаңа мамандықтар да ашылуда.
Осы орайда, полиция департаментімен жасалған меморандум негізінде «Болашақ» университетінде «құқық қорғау қызметі» мамандығы ашылды.
Жаңадан ашылған мамандықтың негізінде өткізілген ғылыми семинарға Қызылорда облысы Полиция департаментінің Анықтау басқармасының бастығы полиция полковнигі Назарбек Жамал-ад-Дин, Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Самат Бижанов және Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлері қатысып, мамандықтың бүгінгі таңда өңірге қаншалықты қажет екендігін және мамандықтың қыр сырын ашып түсіндірді.
Сонымен қатар, аталған семинарға Полиция департаментінің тергеу басқармасының аға тергеушісі, Заң ғылымдарының магистрі, Қазақстан Республикасы бойынша 2022 жылдың «Үздік тергеушісі» байқауының жеңімпазы Асылбек Бексейтов «Менің мамандығым» тақырыбында дәріс оқыды.


