Kyzylorda-news.kz. Отбасылық еңбек династиясы әрқашан дәстүрдің сабақтастығын сақтаудың бейнесі, таңдаған мамандыққа және өмір жолына құрметпен қараудың үлгісі болып табылады. Кез келген мамандықта отбасылық еңбек династиясы ерекше орында тұрады. Өйткені ол сол мамандықтың мәртебесін, қоғам алдындағы имиджін айқын көрсетеді. Жалағаш ауданында да әсіресе ішкі істер органдарында еңбек ететін үлгілі полиция династиясы аз емес.
Полиция күні жалағаштық Саламатовтар үшін отбасылық мерекеге айналған. Өйткені саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған Саламатовтар әулеті – бүгінде мәуелі бәйтерек. Ұрпақтары ата жолын қуып, қазіргі таңда ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып келеді.
Бақберген Саламатов 1965 жылдан бастап Жалағаш аудандық ішкі істер бөліміне қатардағы милиционер болып қабылданып, әр жылдары түрлі жауапты қызметтер атқарған. Саладағы ұзақ жылдық еңбегі үшін Милицияның үздік төсбелгісімен, «Ұлы Жеңістің 20 жылдығы» медалімен, КСРО ІІМ-нің І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, сонымен бірге «Кеңес милициясына – 50 жыл» және басқа да алғыс хаттармен марапатталған.
Әке өнегесін көрген отставкадағы «полиция майоры» Бекжан Саламатов 1992-2012 жылдар аралығында Ішкі істер органдары қатарында абыройлы қызмет атқарып, «майор» шенімен зейнеткерлікке шыққан. Қызмет барысында еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға ие болған. Мәселен, «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» І,ІІ,ІІІ дәрежелі медальдарымен, «Кеңестік милицияның 100 жылдығы» медалімен, Қызылорда ОПД-нің грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталған. Ол – қызметтен бөлек отбасында да қамқор әке. Бүгінде жұбайы Фарида Омарова екеуі 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.
«Отбасының берекесі – ол барлық жұмыстың алтын қазығы. Шыны керек, отбасымда қолдау болған соң маған жауапты қызметті қатар алып жүру қиынға соқпады. Көп жыл ішкі істер органдарында жұмыс істеп, халықтың тыныштығы үшін күндіз-түні талмай еңбек еттік. Қазір ұлымның да осы салада адал еңбек етіп келе жатқанына шүкіршілік етемін. Жалпы, полиция болу – форманы киіп алып, қызметте есіркеп, бос жүру емес, ең бастысы, елге адал қызмет ету. Қандай шен, лауазымда жүрсең де өзіңе жүктелген міндетті қиналмастан, асқан жауапкершілікпен мінсіз атқару ең маңыздысы. Полиция – жұртқа, елге жақсы қасиеттерімен есте қалуы керек. Тәртіп пен төзім салтанат құрған жерде құқық қорғаушылардың да абыройы арта түседі. Бүгінде қылмыстың түр-түрін естіп жатырмыз. Иә, бұл бүгінгі қоғамның басты мәселесі болып отыр. Сондықтан қазіргі жастардың істеп жатқан жұмысы үлкен білімділікті, терең теория мен практиканы ұштастырып жұмыс жасауды талап етеді. Полиция қызметкеріне білім де, білік те, білек те керек. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болу мен азаматтармен тіл табыса білу, сыпайы болу да аса маңызды. Сондықтан үйде ұл-қызыма, кейінгі жас әріптестеріме әрдайым кеңесіммен бөлісіп отырамын», – дейді Бекжан Бақбергенұлы.
Иә, зейнеткер Бекжан Саламатовтың ұлы, полиция аға лейтенанты Абай Бақ-берген қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінде Анықтау тобының анықтаушысы лауазымында абыройлы қызмет атқаруда.Жас та болса, жауапты қызметте еңбек етіп жүрген Абайды әріптестері мақтан тұтады, еңбекқорлығын, сауаттылығын, жауапкершілігін ерекше бағалайды. Полиция аға лейтенанты Абай Бекжанұлы қызметіне адалдықпен қарап, жоғары көрсеткіштерге ие болғаны үшін бірнеше рет Қызылорда облысының Полиция департаментінің Грамотасы, Алғыс хаттарымен, «Тергеу қызметіне – 60 жыл» медалімен марапатталған. Әрине, ол зор жауапкершілікпен жүктелетін осы қызметті таңдағанына, әке жолын қуғанын әрдайым мақтанышпен айтып жүреді.
«Бала кезімдегі арманым – полиция қызметкері болу еді. Себебі адамдарға қамқор болып, көмектескім келеді. Полицейдің киімін кигенді де ұнататынмын, үйде әкемнің формасына қызыға қарайтынмын. Атам да осы салада абыройлы қызмет атқарған. Тек армандап қоймай, алдыма мақсат қойдым. Міне, шүкір мектепті, жоғары оқу орнын жақсы үлгеріммен тәмамдап, бүгінде құқық қорғау саласында қызмет атқа¬рудамын. Әрине, жұмысымды мақтан етемін. Жалпы, біздің қызмет қауіпті, өйткені сотталушылармен, тәртіп бұзған бұзақылармен жұмыс жасайтын болғандықтан, әр күн сайын өмірімізге қауіп төнетіні жасырын емес. Сондықтан жұмыста жауапты болуымыз керек. Бұл орайда әкемді үлгі тұтамын. Бала кезімнен қатаң тәртіпке, жауапкершілікке үйретіп тастаған. Күнделікті қызметімде әкемнің тәлімін басшылыққа аламын», – дейді Абай Бекжанұлы.
Сонымен қатар осы әулеттің ұрпағы полиция аға лейтенанты Абылайхан Саламат та ішкі істер саласында жауапты қызметтер атқарып келеді. 2017 жылдың ақпан айында ІІО-на қабылданып, 2019 жылдың қазан айынан бастап Жалағаш АПБ-нің Жергілікті полиция қызметінің, патрульдік-полиция тобының қызмет инспекторы лауазымында қызмет атқарды. Бүгінде ол Қызылорда қалалық полиция ЖПҚб-ның Ювенальдық полиция бөлімшесінің учаскелік полиция испекторы қызметінде абыроймен еңбек етуде.
Үш буынға жылғасқан үлгілі полицейлер династиясының ұстанымы – темірдей тәртіп және өз елінің патриоты болу. Сонда ғана қиындығы мен қатері мол саладағы тынымсыз еңбек жемісін бермек.