Kyzylorda-news.kz Елімізде теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау ережелеріне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл ережеге өзгеріс Көлік министрлігінің 2025 жылғы 11 сәуірдегі бұйрығымен енгізілді.
Билеттерді сату мерзімі өзгерді:
- Жолаушылар пойыздарына – ұйымдасқан жолаушылар топтарын қоспағанда, билет поезд жөнелтілгенге дейін 45 тәуліктен 10 минутқа дейін сатылады (бұрын 45 тәуліктен 1 тәулікке дейін болатын).
- Қала маңындағы пойыздарға – 10 тәуліктен 10 минутқа дейін (бұрын 10 күннен 1 тәулікке дейін).
- Жолаушылар пойыздарына билеттер Астана уақытымен таңғы 07:00-ден бастап сатылымға шығады.
Мүгедектігі бар адамдарға арналған мамандандырылған купелерге билеттер:
Сату ашылған сәттен бастап келесі санаттағы адамдарға қолжетімді:
- 1-топтағы жүріп-тұруы қиын мүгедектігі бар жолаушы мен оны ертіп жүретін адамға;
- 18 жасқа дейінгі мүгедек бала мен еріп жүретін адамға;
- Медициналық ұйымға (немесе кері бағытта) шұғыл баруға қажеттілігі бар адам мен еріп жүретін адамға.
- Бұл билеттер тек билет кассалары арқылы рәсімделеді.
- Қалған мүгедектік топтарындағы жолаушылар билетті пойыз жөнелтілгенге дейін 7 тәуліктен бастап рәсімдей алады.
Билеттер мына құжаттар негізінде беріледі:
- мүгедектігі бар адамның мәртебесін растайтын құжат;
- медициналық ұйымнан шұғыл жол жүру қажеттілігін растайтын анықтама;
- еріп жүретін адамның құжаттары.
- Бір жолаушы бір купеден 4 орынға дейін билет сатып ала алады.
Билеттерді рәсімдеу тәсілдері:
- Автоматтандырылған басқару жүйесі (АБЖ),
- Компьютерлік кассалар,
- Диспетчерлік терминалдар (ДТМ),
- Өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары,
- Интернет-ресурстар арқылы, электрондық жол жүру құжатын бере отырып.
Қала маңындағы пойыздарға билеттерді рәсімдеу кезінде жолаушының толық деректері талап етіледі: аты-жөні, ЖСН, жеке куәлік нөмірі.
Билет сатып алу үшін қажетті құжаттар:
- ҚР азаматының жеке куәлігі немесе паспорты;
- ҚР-да тұруға ықтиярхат;
- азаматтығы жоқ адамның немесе босқынның куәлігі;
- дипломатиялық/қызметтік паспорт;
- теңізші куәлігі;
- шетелдік төлқұжат;
- туу туралы куәлік (16 жасқа дейінгі балаларға);
- әскери билет (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер үшін);
- қайтару куәлігі (құжатын жоғалтқан шетел азаматтары үшін).
Барлық құжат қағаз түрінде де, цифрлық құжаттар сервисі арқылы да ұсыныла алады.
Бұрын уақытша жеке куәлікпен билет сатып алуға рұқсат берілсе, енді бұл мүмкіндік алынып тасталды.
Жеңілдікті немесе тегін жол жүру үшін тиісті құқықты растайтын құжатты көрсету қажет.
Фото: Нұрболат Нұржаубай