Kyzylorda-news.kz. Адам баласының тағдыры түрлі түсті жіппен тоқылған өрнек тәрізді. Кейде тіпті сол өрнектің жібі қара түске боялып, тағдыр жазуы тәлкекке салып, пендесін қиындықтарымен сынаққа салып жататыны бар. Өмірдің қиындықтарына төзіп келе жатқан жандардың бірі – Қызылорда облысының тумасы Сая Ахметжанқызы. Ол 19 жыл бұрын бір аяғынан айырылып, содан бері темір протезбен өмір сүріп келеді. Бірі Саяны аяса, енді бірі керісінше терминатор, я болмаса киберг деп мазақ қылады екен.

Жарық дүниеге сау болып келген Сая Абашева дене мүшесінен қалай айырылғанын күрсініп еске алады. 2000 жылдың басы еді. Темір жол бекетінде ұсақ-түйек саудамен айналысатын анасына көмектесіп жүрген қыз, абайсыздан пойыз астына түсіп, мерт бола жаздапты. Ақ халаттылар жеті ай арпаласып, жанын аман алып қалғанымен, аяғын кесуге тура келді. Содан бері балдаққа сүйеніп жүрсе де, өмірден түңілген жоқ. Сахнаға шығып ән шырқап, тіпті түрлі байқау-сайыстардан жүлделі орындарға ие болып жүр.

«Мен балдақпен базар аралайтынмын бұрын, протезсіз. Балдақпен базар аралаған Сол кезде неше түрлі әңгіме еститінмін сыртымнан. Есітіледі ғой. Апалар «құдай-ай мына қыз не істеп жүр сандалып, үйіңде отырмай ма екен одан да» дейтін. Ал мен неге үйде отыруым керек?! Балдақпен жүрсем, сонда ешқайда шықпауым керек па? Мен базар араламауым керек па? Сондай ойда мен олардың әңгімесін құлағыма ілмейтінмін. Ешкімнің әңгісіне көңіл бөлген жоқпын. Бірден шыға қойғаным жоқ көшеге. Бір жылдары мен де үйде отырып қалдым. Бір жылдай отырдым. Сонда депрессияға түсіп кеттім. Ойладым бәрі бітті деп», – дейді Сая Абашева.

Бүгінде Сая жергілікті аумақтық емханада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеке бағдарлама бойынша оңалту шараларынан өтіп жүр. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалыпты. Орталық заманауи сурдо, тифлотехникалық құралдармен, есту протездерімен, кресло-арбалармен, міндетті гигеналық құралдармен, тіпті ымдау тілімен қызмет көрсететін мамандармен қамтамасыз етілген.

«Біз тек қана емдеу жұмысы ғана жүргізілмейді сонымен қатар мәдени іс-шаралар болып тұрады. Спортық іс-шаралар болып тұрады, солардың барлығына біздің Сая өте жақсы белсене араласады. Сонымен қатар өзі ашық мінезі, ән айтады,барлық іс-шараларға жақсы араласып тұрады», – дейді Оңалту орталығының дәрігері Гүлнәр Әбілханова.

«Таршылық адамды шынықтырады, баршылық адамгершілікті ұмыттырады» демекші, мүгедектер де он екі мүшесі түгел болмаса да, қатал тағдырдың тосын сыйына мойымай, басына түскен қиыншылықтарды жеңіп келеді.

Almaty.tv

Тағы да оқыңыз: