Kyzylorda-news.kz. Күнделікті өміріміз, тұрмысымыз пластикпен тығыз байланысты. Нақтырақ айтқанда қолданатын ыдыстардың пластмассадан жасалғаны белгілі. Пайдалануға ыңғайлы, жеңіл әрі тиімді ыдыстың тұрмысымызға дендеп кеткені сонша олсыз өмір сүре алмайтындай деңгейге жеттік.
Адамның өмір сүруіне ауа мен су қаншалықты қажет болса, өмір сүру дағдысын қалыптастыратын ыдыстың да болуы өмір заңдылығы. Ас-ауқатты оның жылу температурасына қарамастан пластик ыдыстың неше түрін қолдануға болады. Әсіресе сүт өнімдерінің көптеген түрлері пластикалық құтыларға құйылып сатылады. Ал осы пластмасаның ең алдымен адам денсаулығына келтіретін зияны мен қоршаған ортаға әсері туралы бір сәт ойланып көрдіңіз бе? Ол үшін ең алдымен пластмассаның неден жасалатынын және оның құрамы жайында білудің артықшылығы жоқ деп ойлаймыз.
Пластмассаның мыңжылдық тарихы бар
Пластмассаның шығу тарихы 1860 жылдан басталады. Алғаш рет пластмассадан бильярд шарларын жасаған. Оған дейін шарлардың орнына піл сүйегі қолданған. Джон Хайт пластмассаны жасау үшін целлюлозаны қолданған. Ал целлюлоза өсімдік талшықтарында кездеседі, этанол мен камфор қосылысында ерітіп қосқан. Нәтижесінде, целлулоид, яғни су өтпейтін пластмасса пайда болған. Уақыт өте атақты химик Лео Бекеланд 1909 жылы фенол мен формальдегидтен полимер химиялық заттар тобын алды. Тарихта алғаш рет осылайша синтетикалық пластик дайындалған.
Негізінен, пластмассаны мұнай мен табиғи газдан алынатынын жақсы білерсіз. Осы шикізаттардың қосылыстарымен, яғни полимерлеу арқылы алынады. Оның басқа материалдардан ерекшелендіретін қасиеті – салмағының аздығында, әрі қоршаған ортаның құлдырауына төзімді болып келетіндігінде. Пластмасса мыңжылдар бойы табиғатта ыдырамастан жата береді. Сондықтан пластмасса контейнерлер, телекоммуникация, көлік, құрылыс, дәрі-дәрмек, тұрмыстық техника және тағы басқа салалардың дамуында ерекше орын алады.
Алуан түрлі пластмассаның қолданысы да кең
Пластмассаның негізгі үш түрі болады. Олар пластикалық, термотұрақты және эластомерлі.
Пластикалық түрі тұрмыста ең көп қолданылады. Күнделікті пайдаланатын полиэтилен пакеттер, контейнерлер, бөтелкелер, орауға арналған қорғағыштар, су және газ құбырлары, қораптар, басқа да сан түрі осы пластиктен жасалады. Ал термопластмассаның қолдану аясы кең. Одан розеткалар, қайықтар, бассейіндер, спорт жабдықтары жасалады. Эластомерлі пластмасса дегеніміз кәдімгі резеңке. Резеңкеден автокөлік шиналары, шлангтар, сүңгуір костюмдер, пенопласт, жасанды былғары, медициналық түтіктер, протездер әзірленеді.
Үш негізгі өндіріс процесі арқылы пластикалық бұйымдар дайындалады. Олардың барлығы жылыту процесімен жүзеге асырылады. Яғни термоформалау вакуум, қысым, механикалық түрде болуы мүмкін. Вакуум дегеніміз пласмассаны пластина пішініне бейімдейтін пресске қалыпқа салу. Қысым арқылы пластикке қажетті пішін беріледі. Механикалық күйде машинаның өзі пластикті қалыптайды.
Өндірісі артқан пластик
Жыл сайын елімізде көлемі мен түрі әралуан пластик ыдыстар тонналап өндіріледі. Қазір адамдар пластиктен жасалған біржолғы ыдыстарды пайдалануды әдетке айналдыруда. Бұл ыдыстарды пайдалану уақытты үнемдегенімен, оның зияны өте көп екені белгілі. Мәселен, көп ретте пластик ыдыстарды жуып жатқаннан гөрі қоқысқа тастай салу ыңғайлы. Ал қоқыстың шамадан тыс көптігінен қоршаған орта ластанып, адам денсаулығы зақымдануда.
– Табиғат аясына шықсаңыз қоқыстан аяқ алып жүре алмайсыз. Таза ауаға демалысқа шыққан адамдар пластик құтыдағы суды, жейтін тағамдарын пластик ыдыстарға салып әкеледі. Босаған ыдыстарды сол күйі лақтырып айналасын былғап кетеді. Целлофан қалтадан көз сүрінеді. Әр бұтаның түбінде целофан қалта желмен ұшып келіп жатыр. Табиғатқа экологиялық зардап келтіріп жатқан адамзаттың өзі болғандықтан, олармен күресті қоғам болып жүргізуіміз керек. Әрине, кез келген жерге алау жағуға болмайды. Тоғайға от жағуға тыйым салынған. Сондықтан қоқыстарын адамдар өздерімен алып кетуі керек, – дейді Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Әлібек Рақымжанов.
Пластиктің таңбасын дұрыс пайдаланыңыз
Жалпы, пластик ыдыстар химиялық қосындылардан жасалатыны белгілі. Дайын ыдыстардың түсі көп ретте ақ болады. Сондықтан пластик ыдыстарды дұрыс пайдалану туралы мамандар кеңес береді.
Егер пластиктің табанында PS деген таңба болса, ол тек салқын азық-түлік салуға немесе құюға арналған. Ал оған ыстық шәй құйылса, ыдыстан стирол деген улы зат бөлініп шығады. Мұндай пластик ыдысты көп қолданатын адамның бауыры мен бүйрегі дертке шалдығады. Яғни, пластиктің құрамында полистирол, полипропилен, поливинилхлорид секілді улы химиялық қышқылдар болатынын білу артық етпейді.
Полипропиленнен жасалатын пластиктің табанында РР деген мөртаңба бар. Бұл ыдыстарды керісінше ыстық тағамға қолдануға болады. Жоғары температурада өз қалпын сақтайтын ыдысқа спирттік ішімдік құю өте қауіпті. Себебі, ондай жағдайда пластиктен формальдегид пен фенол бөлініп, ағзаны улайды. Есте сақтайтын жағдай, мұндай ыдысқа майлы тағамдарды да жолатпаған абзал, – дейді Сырдария аудандық емханасының дәрігері Азиза Қозбағарова.
Поливинилхлоридты пластмасса ең қауіпті екенін мамандар дәлелдеген. Оның мөртаңбасы – ПВХ. Онымен контейнер ыдыстар жасайтындықтан оның тұтынушылары да өте көп. Дегенмен, бұл ыдыстар ең қауіпті ыдыс саналады. Ыдыс құрамындағы винилхлорид деп аталатын химиялық зат асқа түсіп, қатерлі ісік ауруларының пайда болуына әкеледі. Сондықтан мұндай ыдыстан мүлдем бас тартып, PS немесе PP деген таңбалары бар ыдыстарды өз жөнімен пайдаланған дұрыс.
Біржолғы ыдыстарды пайдаланудың өз ережесі бар
Ондай ыдыстарды аты айтып тұрғандай, бір рет пайдалану керек. Қайта-қайта жуғанмен де, ол түбегейлі тазарды деген сөз емес. Керісінше, жуған сайын пластмассаның құрамынан улы заттар бөлінеді. Пластикалық ыдыс-тарды жоғарыда айтқан белгілеріне қарап қолданса, оның зияны азая түспек. Мәселен, дүкендерде сатылатын йогурт ыдыстары сүт қышқылымен реакцияға түспейді. Сондықтан олар зиянсыз болады. Бірақ бұл ыдыстарға басқа сұйықтықтарды құю қауіпті. Біржолғы стақандарға газы бар су, қышқыл шырын, ыстық шәй құйсаңыз, ол қауіпті ыдысқа айналады. Ыдыстың зиянын адам бірден сезбеуі мүмкін, бірақ ішкі ағзалардың қызметін бірте-бірте әлсіретеді.
Тағы бір назарға алатын жәйіт – пластикалық ыдыстарда тағамды ұзақ уақыт сақтауға болмайды. Микротолқынды пеште қыздыруға мүлде болмайды. Пластикалық ыдыстардың артықшылығы – мұздатқышқа төзімді, ол тағамның құндылығын сақтай алады.
Дұрыс таңдау – денсаулық үшін маңызды
Ата-бабаларымыз өмір сүрген дәуірде ешқандай пластикті пайдаланбай, ұзақ өмір сүрді. Олардың денсаулықтары да әлдеқайда мықты болған десек, артық айтқандық болмас. Дегенмен, өмірімізді ұзартудың, оны сақтаудың кепілі пластик ыдыстардан бас тарту болып тұрғанына көз жететін уақыт келді. Мүлдем бас тарту арқылы қағаз ыдысқа көшу неғұрлым арзан әрі пайдалы. Табиғи заттардан жасалатын қағаз ыдыстарды пайдаланып болғаннан кейін оны жоюға да болады. Әрі экологияға да әсер етпейді. Қағаз ыдыстағы ас температурасын ұзақ сақтап, ыстық өткізгіш қабілеті де баяу жүретіндіктен қолыңыз да күймейді. Микротолқынды пешке қыздырғанда қағаздан улы зат бөлінбейді.
Дұрыс жасалған қағаз ыдыста желім қолданылмайды. Пластмасса ыдыстармен салыстырғанда әлдеқайда сапалы, ыңғайлы әрі зиянсыз.
Пластик қоршаған орта аса қауіпті
Пластмассадан жасалған кез келген зат ыдырамайды. Себебі, ол табиғатта кездесетін зат болмағандықтан, оны микроорганизмдер ыдыратуға қауқарсыз. Ұзақ уақыт күн сәулесінің әсерінен пластмасса біртіндеп бұзылуы мүмкін, бірақ толыққанды жойылып кетпейді. Қайта басқа түрге еніп, қоршаған ортаға қаупін күшейтеді. Мамандардың зерттеуінше, азық-түлікке арналған полиэтилен пакеттің өзі 100 жылға дейін, балаларға арналған жөргектер 250 жыл бойы ыдырамайды, жатқан жерінде өзгеріссіз қала береді.
Адамзаттың сұранысына қарай жыл сайын әлемде 300 миллион тоннадан астам пластик өндіріледі. Оның 10 миллионға жуығы мұхиттарға тасталады. Бір ғана пластиктің кесірінен мұхиттағы тіршілік көзі жойылып, табиғатқа залал келуде. Сондықтан жер шарының тіршілігін тоқтатпау үшін ең алдымен пластикті пайдалануды шектеу қажет. Сұраныс азайса, оны өндіретін зауыттар экологиялық таза өнім өндіруге мәжбүр болады.
Аяқсыз қалған бастама
Әлемде пластиктен бас тартқан елдер қатары артуда. Мәселен, Еуроодаққа кіретін мемлекеттер солардың қатарында. Азия елдері арасында Индонезияда қалыптасқан дәстүр бар. Егер адам пластиктен жасалған ыдысты арнайы жерге апарып өткізсе, қоғамдық көлікпен баратын жеріне тегін жетеді.
Алысқа бармай-ақ өзіміздің аудан туралы айтсақ, қайбір жылдары кент орталығындағы қоғамдық орындарға тордан жасалған контейнерлер қойылды. Тұрғындар босаған пластик құтыларын сол жерге апарып тастауға қалыптасып қалып еді. Дегенмен, бұл жағдай көпке бармады. Себебі, ауданда ашылып, қайта жабылып қалған пластикті қайта өңдейтін орын өз жұмысын тоқтатты. Мұнымен айтпағымыз кент тұрғындарының пластиктен бас тартуға жасалған қадамның басы болғанымен, аяқсыз қалғаны өкінішті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, пластмассаны өмірімізден ақырындап аластату өз қолымызда. Пластик өнімінен бүгіннен бас тарпасақ, одан келетін қауіп болашағымызға, балаларымыздың денсаулығына қауіп төндіретіні сөзсіз.