Kyzylorda-news.kz. 17 қараша - Бүкіләлемдік философия күні.
2002 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік ұйымы жыл сайын қараша айының үшінші бейсенбісінде Философия күнін өткізу туралы жариялады. Бұл күн әлемнің ЮНЕСКО-ға мүше 70-тен астам елінде атап өтіледі. Осы атаулы датаға орай бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Болат Апенов пәлсапа ілімінің тереңіне тоқталып, тарих беттеріне шолу жасады.
«Философия - дүниеге көзқарас, ғылым, өнер, танымды зерттейтін ғылым ғана емес, адамзаттың рухани мәдениетінің бір түрі. Философия күнінің ерекшелігі – көптеген жоғары оқу орындарында түрлі конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізіледі. Жыл сайын студенттер арасында ғылыми іс шаралар да өткізу дәстүрге айналған. Осы орайда, философ оқытушыларды атаулы мерекемен құттықтаймын», - деді Болат Мейрамұлы.
Айта кетейік, бүкіләлемдік философия күні 20 жылдан бері ЮНЕСКО бағдарламасының ұйымдастыруымен аталып келеді. Оның басты мақсаты - қазіргі таңдағы философияның рухани миссиясын көрсету.

