Патрульдік полицейлердің айына 350 мың теңге жалақы алатыны жарияланды – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Патрульдік полицейлердің айына 350 мың теңге жалақы алатыны жарияланды

12.11.2019, 11:10

226 0

Аудио нұсқа

Kyzylorda-news.kz. Ішкі істер министрлігі астанада жұмыс істейтін патрульдік полиция қызметкерлерінің жалақысын жариялады. Олар еңбекақыдан бөлек тұрғын үй өтемақысын да алады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчидидің айтуынша, шілде айында ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақысы көтерілген. Полицейлердің еңбекақысы дифференциалды түрде, яғни еңбек өтілі мен тәжірибесіне қарай 20-65 процентке жоғарылады.

«Патрульдік полиция қызметкерлері ең көп үстемақы алды, олардың жалақысы 65 процентке артты. Сіздер оларды күнде көшеде көріп жүресіздер. Мәселен, бұған дейін патрульдік полицей 117 000 теңге алса, енді 150 000 алатын болады. Оған қоса, біз патрульдік полицейлерді жалдамалы баспана үшін өтемақы алатын қызметкерлердің қатарына қостық», – деді Калайчиди астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, өтемақы отбасының құрамына қарай төленеді. Мәселен, Нұр-Сұлтанда төрт адамнан (ата-ана және екі бала) тұратын отбасыға 200 мың теңге тұрғын үй өтемақысы ретінде беріледі.

«Сонда отбасының әрбір мүшесіне 50 000 теңгеден шығып тұр. Оған 150 000 теңгенің жалақысын қосыңыз. Біздіңше, осындай қолдау шаралары арқасында полицияның қатарына жастарды көптеп тартуға болады», – деп атап көрсетті Калайчиди.

Бұдан бөлек, шұғыл тергеу құрылымдарының жалақысы 55 процентке артқан. Учаскелік инспекторлар 25 процентке артық ақша алса, қалған құрылым қызметкерлерінің еңбекақысы 20 процентке өсіп отыр.

«Жаңа жылдан бастап біз осы тізімге төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлерін қосуды жоспарлап отырмыз. Онда да жұмысы ауыр мамандардың үстемақысы жоғары болады. Шекті меже – 65 процент. Мәселен, өрт сөндірушілердің жалақысын 65 процентке арттырған дұрыс деп санаймыз. Олар, шамамен, 140 000 теңгеден артық алатын шығар. Тұрғын үй өтемақысы тағы бар», – дейді Калайчиди.

0

Пікір қалдыру