Kyzylorda-news.kz Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Партиялық бақылау комитетінің отырысы өтіп, онда өңірлердің су тасқыны жағдайына дайындық жұмыстары және барлық гидротехникалық құрылыстардың дайындығы талқыланды.
Комитет отырысына бейнебайланыс режимінде партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Ержан Искендер, Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Бакиров, сонымен қатар жауапты сала басшылары мен орынбасарлары қатысты.
Жиында күн тәртібіне сай Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілдері, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары хабарлама жасап, осы бағытта атқарылған жұмыстармен бөлісті.
Күн тәртібіндегі сұрақ соңғы жылдары еліміз үшін өте маңызды проблемаға айналды. Өткен жылғы көктемгі су тасқыны еліміз үшін қиын жағдайда өтіп, көптеген шығындар алып келді. Елдегі су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат болып, су басқан 10 облыста төтенше жағдай жарияланды. Бүгінгі күні өңірде су тасқынының алдын алу бойынша кешенді шаралар жүргізілуде. Бұған партияның аймақтық және аумақтық филиалдары жанындағы партиялық бақылау комиссияслары мүшелері Сырдария өзенінің бойын жағалай мониторинг жұмыстарын жүргізді. Арнайы мамандар мен бас қосып, анықталған кемшіліктер бойынша отырыс өткізіп, оларды түзету бағытында ұсыныстар берді. Қазіргі таңда су басу қаупі бар аймаққа арнайы техника, күш-құралдары бар жауапты мекемелер бекітіліп, жағдай жіті бақылауда ұсталуда.